Маңғыстаулық клуб Түркия компаниясын қарызға батырып кеткен

Маңғыстаулық клуб Түркия компаниясын қарызға батырып кеткен

Маңғыстаудың футболшылары Түркия компаниясын 122 млн теңге қарызға батырған, деп хабарлайды Prosports.kz 

Ақтаудың «Каспий» клубының басы дауға қалды. Маңғыстаулық футболшылар 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында Антальяда екі апта бойы бесжұлдызды қонақ үйде тұрып, жылы жерде жаттығу өткізген, ал оқу-жаттығу жиындары аяқталған соң бір тиын төлемей кетіп қалған. Енді Түркия тарапы клубты сотқа беріп отыр. Бұл туралы Orda.kz мәлімдеді.

Түркия компаниясы бір жылдан астам уақыттан бері «Каспий» клубынан көрсетілген қызмет үшін ақысын қайтара алмай жүр. Ал келтірілген шығын көлемі 230 521 еуро, бүгінгі курспен бұл 122 миллион теңге шамасында.

«Бұл қаражатқа футболшылар жаттығу жасап қана қоймай, бесжұлдызды қонақ үйде тұрып, оның түрлі қызметтерін пайдаланған. Ал олардың жаттығуы мен демалысына түркиялық Arena Sports & Travel компаниясы жауапты болған. «Каспий» басшылығы аталған компаниямен келісімшартқа отырып, қабылдаушы тарап әуежайдан қарсы алу, қонақ үйге орналастыру, қажетті қызмет көрсету, медициналық көмек, сақтандыру және алаңдар беруге міндетті болған», - делінген басылым материалында.

Сот материалына сәйкес, түркиялық компания барлық міндетін орындаған. Одан қалды «Каспий» ФК-ның әлеуметтік желідегі парақшасында шынымен де осы уақыт аралығында Антальяда өткен оқу-жаттығуы жиындарынан фото-видеолар бар.

Алайда есеп айырысу кезінде жағдай өзгеріп шыға келген. Футбол командасы Ақтауға оралып, шығынның бәрін жуық арада өтейміз деп сөз берген. Клуб басшылығы 2023 жылғы 30 наурызға дейін төлем жасалатыны туралы кепілхат та жазып берген. Келісімшартқа «Каспийдің» сол кездегі атқарушы директоры Ержан Жаңбыров қол қойған. Алайда компаниямен келісімшартқа отырған Жаңбыров 2023 жылғы сәуірде клубтағы қызметінен кетті. Бұған клубтың төмен көрсеткіштері себеп болғаны айтылған. Себебі ҚПЛ-ның төрт турынан соң клуб бір де бір ұпайға иелік ете алмай, турнирлік кестеде соңғы орында болған.

Директор орнынан кеткен соң Түркия компаниясы қарызды қайтару қиын болатынын түсініп, клубты сотқа берген. Алайда 2023 жылғы желтоқсанда түркиялықтар сот процесінде жеңіліп қалды. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты клуб Түркия компаниясына ештеңе төлеуге міндетті емес деп тапты. Сот екеуара келісімшарт жарамсыз, яғни келісімшарт мемлекеттік сатып алу туралы заңға қайшы деп шешім шығарған. Яғни түркиялық компания оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырмас бұрын мемлекеттік сатып алуға қатысуы керек екен. Бұдан бөлек келісім жасалғанын ешкім растай алмаған, себебі клубтың сол кездегі атқарушы директоры процеске қатыспаған.

Дегенмен 2024 жылғы сәуірде апелляциялық алқа соттың бұл шешімін жоққа шығарып, клубты төлем жасауға міндеттеген. Онда клуб Түркия компаниясына 230 521 еуро мен 1000 еуро көлемінде пеня және соттың шығыны ретінде мемлекетке 3 384 813 теңге көлемінде өтемақы төлеуі керектігі көрсетілген.

«Каспий» мұнымен келіспей, Жоғарғы сотқа шағымданған. 2024 жылғы қазан айында іс қаралып, кассациялық алқа футбол клубының өтініш беруге кешіккенін, тиісінше арызын кері қайтару туралы қаулы шығарған. Енді «Каспий» екі апталық оқу-жаттығу жиындары үшін түркиялық компания алдындағы шығынын өтеуге міндетті.

Дереккөз: 1bol.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или