Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Анталия қаласындағы (Түркия) Megasaray Tennis Academy топырақ төсенішіндегі ашық корттарында жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы В тобында алғашқы кездесуінде Оңтүстік Африка Республикасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Алдымен Дамир Жалғасбай (№ 198 ITF Juniors) Джон Ботманы (№ 219 ITF Juniors) 6:1, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді. Екінші болып кортқа өз елінің бірінші ракеткалары шықты. Заңғар Нұрланұлы (№ 77 ITF Juniors) Коннор Дойгқа (№ 135 ITF Juniors) еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1, 6:1.
Жұптық сында Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков 45 минуттың ішінде Джон Ботма – Джейден Сандерсті тас-талқан қылды – 6:1, 6:1.
Сейсенбі күні Қазақстан құрамасы Гонконгпен кездеседі. В тобында Қазақстан мен Франция алда келеді. Франциялықтар да Гонконгты 3:0 есебімен жеңді.