UFC: Шавкат Рахмонов пен Белал Мухаммад арасындағы жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен (18-0) америкалық спортшы Белал Мухаммад (24-3) арасындағы чемпиондық жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Mmanews.com сайтының хабарлауынша, орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммад 7 желтоқсан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жоспарланған UFC-310 турниріне қатыса алмайды.
Италиялық журналист Al Zullino әлеуметтік желіде бірнеше дереккөз Белал Мухаммадтың қазақстандық Шавкат Рахмоновқа қарсы титулдық жекпе-жекке шыға алмайтынын растағанын, сондай-ақ Шавкатқа басқа қарсылас қарастырып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін жеңілмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов Лас-Вегаста чемпиондық титул үшін жекпе-жек өткізетінін жазған едік.
Естеріңізге салсақ, Рахмонов кейінгі айқасын былтыр желтоқсан айында америкалық Стивен Томпсонмен (17-7-1) өткізіп, қарсыласын екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген еді.