Қазақстандық спортшы допинг қолданғаны үшін 3 жылға жарыстан шеттетілді
Қазақстандық триатлоншы Әбусейіт Әлихан допинг қолданғаны үшін 3 жылға дисквалификация алды.
Допингке қарсы ұлттық орталықтың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Әбусейіт Әлиханның сынамасынан эритропоэтин препараты табылған. Енді ол 2024 жылдың 5 тамызынан 2027 жылдың 5 тамызына дейін жарыстарға қатыса алмайды.
Триатлоншыдан сынама биыл 11 мамырда алынған. Ол 11-12 мамыр аралығында U23 санатындағы триатлоннан Қазақстан чемпионатына қатысқан еді. Бұл жарыста спортшы спринт қашықтығында сынға түсіп, күміс медаль жеңіп алды.
Әбусейіт Әлихан тыйым салынған препаратты қолданған Қазақстандағы алғашқы триатлоншы емес. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының басталуына бірнеше ай қалғанда триатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі Дмитрий Гаагтың сынамасынан эритропоэтин табылған еді.