Зарина Дияс камбэк жасап, Түркиядағы турнирдің чемпионы атанды
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 224-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Алена Фалеймен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда белоруссиялық теннисші Заринаға еш мүмкіндік берген жоқ - 6:0.
Екіншісінде Зарина Дияс 3:0 есебімен алға шыққанымен, Фалей таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Фалей алға кетті - 2:0. Бірақ қазақстандық теннисші есепті теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты - 5:3. Сосын өзі доп бергенде, екінші матчболын пайдалана білді - 6:3.Тартысты матч 2 сағат 6 минутқа созылды.
Осылайша, екі жылдық үзілістен кейін кортқа оралған З.Дияс биылғы алғашқы титулына қол жеткізді. Кезінде Зарина әлемдік рейтингіде 31-орынға дейін көтерілген болатын. Қазіргі таңда ол WTA Live рейтингісінде 488-ден бірден 379-сатыға шығып тұр.