ҚФФ ұлттық құрама бапкерімен келісімшарт мерзімін ұзартты

ҚФФ ұлттық құрама бапкерімен келісімшарт мерзімін ұзартты

Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Какамен келісімшарт мерзімін ұзартты.

Жаңа келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін жасалды.

«Өзбекстандағы әлем чемпионатында біздің құрама кез келген командамен терезесі тең ойнай алатынын көрсетті. Турнирде сәтті өнер көрсеткеннің арқасында әлемнің үздік бес құрамасының қатарына ендік. Сондай-ақ мундиальде жастарымыздың болашағы жарқын екенін көрдік. Бұл еліміздегі футзалдың дұрыс бағытта дамып келе жатқанының дәлелі. Ал бұған бас бапкер Каканың сіңірген еңбегі өте үлкен. Алда Литва мен Латвияда өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі күтіп тұр. Біздің мақсат – Еуроның финалдық кезеңіне шығу. Бұл мақсатты орындау үшін Кака бастаған жігіттер барын салатынына күмәнім жоқ», – деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

«Қазақтан футбол федерациясы мен Қазақстан футзал қауымдастығына көрсеткен қолдауы мен артқан сеніміне алғысымды айтамын. Қазақстан құрамасының алдына әрқашан да жоғары мақсат қойылады. 2026 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасын алу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Пауло Рикардо Кака.

Айта кетейік, Кака Қазақстан құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның қол астында біздің құрама 2021 жылғы Әлем чемпионатында төртінші орын алды. Бұл Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы ең үздік көрсеткіші. Бұған қоса Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта ФИФА рейтингінде бесінші орында тұр.

Дереккөз: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или