Туризм және спорт министрі қалжыңдаймын деп опық жеген Черчесов туралы пікір білдірді

Туризм және спорт министрі қалжыңдаймын деп опық жеген Черчесов туралы пікір білдірді

Қазақ тілі туралы орынсыз қалжыңы үшін мәселесі Парламентте қаралып, ақырында айыппұл арқалаған Станислав Черчесов туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті достар! Әрине, Станислав Черчесовтің "француз тіліне" қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын.Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Министр баршаны кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білуге шақырады.

«Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!», - деп түйіндепті ол жазбасын.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Одан кейін Станислав Черчесовке айыппұл салынғаны белгілі болды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или