ФИФА футзал мен жағажай футболын Олимпиада ойындарына енгізуді ұсынбақ
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) футзал мен жағажай футболын олимпиадалық спорт түрлерінің бағдарламасына қосу туралы өтінішпен Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) жүгінбек, деп хабарлайды Prosports.kz.
Globo Esporte-тің мәліметінше, осы бейсенбіде өткен ФИФА кеңесінің отырысында жарияланған құжатта ұйым 2027 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарын баяндап, футзал мен жағажай футболын олимпиадалық бағдарламаға енгізу туралы ресми ұсыныс жасайтынын айтқан.
«Әлемдік деңгейдегі қатысу көрсеткішін ескере отырып, ФИФА болашақта футзал мен жағажай футболын Олимпиада ойындарында бөлек спорт ретінде қарастыруды ұсынады», — делінген мәтінде. Сондай-ақ ұйым әйелдер арасындағы футбол турниріне қатысушылар санын 12-ден 16 командаға дейін арттыруды талап ететінін де атап өтті.
ФИФА 1989 жылдан бері футзалдан, 2005 жылдан бері жағажай футболынан әлем чемпионаттарын ұйымдастырып келеді.