Марко Милошевич «Астана» - «Бачка Топола» матчына болжамын жасады
«Астана» және «Каспий» клубтарының бұрынғы қақпашысы, қазіргі таңда Сербияның «Раднички» командасында өнер көрсетіп жүрген Марко Милошевич Sport Plus Qazaqstan сайтына Конференция Лигасының жалпы кезеңіндегі «Астана» - «Бачка Топола» матчы жайлы болжамын айтты.
«Бачка Топола» маусымды сәтсіз бастағанымен, жаңа бапкердің келуімен клуб қайтадан өз нәтижелерін көрсете бастады. Соңғы матчтарында олар сенімді ойын өрнегін көрсетіп жүр. Әсіресе, олардың шабуылы қауіпті — жылдам әрі агрессивті, бұл «Астана» үшін басты мәселе болуы мүмкін. Сонымен қатар, олар бұрын «Раднички» сапында ойнаған Чинедуды жақсы біледі және оған қарсы қандай да бір тактикалық жоспар құруға тырысуы ықтимал. Дегенмен, «Астананың» жақсы ойын көрсетуге мотивациясы бар.
«Астанаға» келетін болсақ, олар қазіргі уақытта жақсы формада, жалғыз сәтсіздік — «Жеңіспен» тең ойын. Астаналық команданың құрамында ерекше көзге түсетін ойыншылар — шабуылшы Джеффри Чинеду және шебер футболшы Марин Томасов, олар командадағы маңызды ойыншылар және алдағы матчта өз деңгейлерін көрсетуге қауқарлы. Сонымен қатар, «Астана» өз алаңында ойнайды, бұл оларға аздаған артықшылық беретіні сөзсіз. Дегенмен, «Бачка Топола» да жақсы формада, сондықтан олар тосын сый көрсетуі мүмкін».
Айта кетейік, «Астана» мен «Бачка Топола» арасындағы кездесу 3 қазан күні Алматыда сағат 21:45-те өтеді.