«Дзюдо – Қазақстанның нөмірі бірінші спорты». Бекнұр Тәңірберген – Олимпиада, ММА туралы

«Дзюдо – Қазақстанның нөмірі бірінші спорты». Бекнұр Тәңірберген – Олимпиада, ММА туралы

Бекнұр Тәңірберген – үш бірдей спорт түрінде жетістігі көп спортшы. 2022 жылы самбодан әлем чемпионы атанды, дзюдодан Азия кубогының жүлдегері. Қазақ күресінен ел чемпионатында жүлде алған. Таяуда ол дзюдодан Қазақстан біріншілігінде күміс медальға қол жеткізді.

Бекнұр Prosports.kz сайтына берген сұхбатында үш спортты қалай алып жүргенін, әр спорттың ерекшелігі мен Олимпиада ойындары туралы пікірін айтты.

- Бекнұр, спортпен қашан айналыса бастадың және неге жекпе-жек түрін таңдадың?

- Бұл спорт түріне 12 жыл бұрын келдім. Дзюдоға алғаш болып ағам әкелген еді. Он жасымда дзюдоға келдім. Дзюдо мені белдесуінен бөлек мәдениетімен ғашық қылды. Адамды шыдамды болуға үйрететін қасиеттері бар. Өзім Қонаев қаласы, Шеңгелді ауылынанмын. Біздің ауылда футбол, бокс үйірмелері де болды. Жапон халқы мәдениет бойынша қазаққа ұқсайды ғой, дзюдоның киімі де жабық. Содан да болуы керек дзюдо жаныма жақын болды.

- Дзюдо, самбо, қазақ күресінен жарыстарға қатысасың, қай спорт түрі саған жақынырақ? Өзің үшін негізгі спорт түрі қайсы?

- Үшеуі де ұнайды. Бірақ, әрине, негізгісі – дзюдо. Олимпиадаға барып, әлемдік аренада бақ сынауға мүмкіндік бар. Самбо олимпиадалық спорт түрі емес. Қазақ күресі – ұлттық спортымыз. Үш спортта да барымды саламын. Бірақ дзюдоның мәртебесі жоғары. Бұл спорттардың ережелері ұқсас. Бәрінде де кимоно киесің. Самбода аяққа тәсілдер жасап, жеңуге болады. Дзюдода ондай жоқ. Дзюдоға қатыссаң, самбоға да, қазақ күресіне де қатысуға болады.

- Қайсы қиын?

- Үш спорттың өз қиындықтары бар. Самбода еңкейіп, төмен күресесің. Дзюдода тік күрескен ыңғайлы. Бірақ дзюдода бәсекелестік өте жоғары.


- Жеңістерің көп, өзің мақтанатын, жарқын жеңісің қандай?

- Өзім ауыз толтырып айтатын жеңістерімнің бірі – 2022 жылы Ереванда самбодан әлем чемпионы атануым. 2022 жылы дзюдодан Алматыда Азия кубогы өткен, сонда күміс жүлдегер болдым.

- Қазір 73 келіден көтеріліп, 81 келіде бақ сынап жүрсің. Жаңа салмағыңда бәсекелестік қалай?

- 81 келіде бәсекелестік жоғары. Бірінші нөмір – қызылордалық Абылайхан Жұбаназар. Құрамада жүргеніне үш жыл болды. Биыл Париж Олимпиадасына барып қайтты. Өкінішке қарай, бағы жанбады. Мен үшінші нөмірмін дей аламын – өткенде 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатында екінші орын алдым. Финалда тараздық Диас деген жігіттен жеңіліп қалдым. Ол - қазір екінші нөмір. Диасты үш ай бұрын Азия кубогында жеңгенмін, ел чемпионатының финалында сүріндім. Жақсы дайындықпен барғанмын. Финалда дұрыс жігер болмағандай, қарсыласым, керісінше, Азия кубогында кеткен есесін қайтарғысы келді.


- Парижде өткен Олимпиадада дзюдо жарыстарын қараған шығарсың. Дзюдошыларымыз қуантты, жеңіспен оралды...

- Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев тарихи адамдар болып қалады. Елдос аға алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Үйде отырсақ та, жүрегіміз Парижде болды. Ағаларым үшін қуанып, айғайлап отырдым. Сол жеңістердің арқасында қазір көп бала дзюдоға барып жатыр екен. Дәл қазір дзюдо Қазақстандағы нөмірі бірінші спорт деп айтар едім. Бұрын жұрт Олимпиадада боксты қалай қарайтын еді, қазір дзюдоны солай қарайды. Эсмигүл Куюлова, Паралимпиада ойындарында үшінші орын алған Жұрқамырза Шүкірбеков – бәріміз бәрге Республикалық спорт колледжінде оқыдық. Әлі де бірге оқып жүрміз. Абиба Әбужақынова бізден жоғары оқыды.

Әрине, бірге жүрген достарың Олимпиада шыңын бағындырып жатқанда қуанасың, іштей мотивация пайда болады. Менің де мақсатым – Олимпиада. Оған жету үшін ерінбей, қазірден бастап тыңғылықты дайындық керек. Олимпиадаға жету үшін Қазақстан чемпионатынан кейін Гран-При, Grand Slam, Азия чемпионаты, әлем чемпионаты бар. Алдағы төрт жылда жарыс көп. Сол жақта орын алып, рейтингте жоғарылау керек. Рейтингте топ-30 қатарына кірсең, Олимпиадаға өтесің. Мақсат – сол топ-30!

- Қазір 81 келіде топ-30 қатарында Абылайхан Жұбаназар бар...

- Иә. Мен жастар рейтингінде 19-орында тұрдым. Ересектерге ауысқаннан кейін бәрін басынан бастап жатырмыз.


- Дзюдода кумирің бар ма?

- 66 келіде белдесетін жапон Дзёсиро Маруяма (екі дүркін әлем чемпионы – авт.ред.) ұнайды. Күресін бала кезімнен қараймын. Өмірі қиын болған кісі. Жарақат алып, екі-үш жылын ауруханада өткізді. Тізесін емдетті. Аурухана қабырғасында жүріп те жаттығу жасаған. Кейде өзім жаттығуға барғым келмей тұрғанда, Маруяма есіме түсіп, өз-өзімді жігерлендіремін.

- Дзюдоға қазір қолдау қандай болып жатыр?

- Әрине, мемлекет көмектеседі. Одан бөлек, әр облыста дзюдошыларға қолдау көрсететін ағалар болады. Жарыстарға ақша табылмай жатқан кезде демеушілік етеді. Соңғы жарыстарға мен де спортқа жанашыр ағаларымыздың арқасында барып қайттым. Tennisi компаниясына осы тұста алғыс айтқым келеді. Өйткені, жарыстарға дәрі-дәрмек, салмақ қуу кезіндегі дәрумендер, жаттығуға киімдер, жолақысы – ештеңені ойламай бара аламын. Емін-еркін жаттығу жасап, жарыстарға дайындалуға көмектесіп жатыр. Турнирлерге барғанда да ішіп-жейтін тамақтарымызға дейін уайымдатпайды.

Спортшыға осындай қолдау маңызды. Себебі жарысқа ақшаң жетпей жатса, жөнді жаттығу да жасай алмайсың. Отбасыңды ойлайсың, «қалай асыраймын, қалай жеткіземін» деген оймен жарысқа барғың да келмей қалады. Талай мықты спортшы басқа жаққа жұмысқа кіріп кетті. Сөйтіп, спорт та жайында қалады. Ал қазір еш уайымсыз, жаттығуыңды жасап, жарыстарға баруға мүмкіндік бар.


- Турнирлерге дайындықты қалай өткізесің?

- Сегізінші сыныптан бері спорт интернатында болдым. Әр күнің бір-біріне ұқсайды. Таңғы жаттығуды жасайсың да, тамақ ішіп алып, кешке дейін сәл тынығып, тағы жаттығуға кірісесің. Қазір үш мезгіл жаттығамын. Таңғы 6-да тұрып, 40 минут жүгіріп, дене қыздырамын. Кейін таңғы ас ішіп, 10:30-да тағы бір жаттығуға барамын. Одан кейін кешкі жаттығу бар. Ал турнирге екі апта қалғанда жиын басталады, ол жақтағы дайындық мүлдем басқа. Маған турнир алдында екі апта бойы тынбай жұмыс істеп, екі күн қалғанда ағзама сәл демалыс берген ыңғайлы.

- Кәсіпқой спорт туралы ойың қалай? Қазір ММА саласы қарқынды дамып жатыр. Жекпе-жекте тәжірибеңізді ескерсек, өз күшіңді сонда сынап көргің келмей ме?

- Самбодан әлем біріншілігін жеңгеннен кейін ММА-ге қатты қығызамын. Бірақ менің арманым – Олимпиада шыңын бағындыру. Құдай қаласа, сол арманым орындалса, ММА-де де бағымды неге сынап көрмеске?

- Алда сені қай жарыстардан көреміз?

- Қазанда Ақтауда Азия кубогы өтеді. Ол жақта Абылайхан Жұбаназардан бастап Қазақстанның үздіктері қатысады. QazSport телеарнасы көрсетеді. Қарашада Ақтөбеде ұпай берілетін ел біріншілігі болады. Соған дайындалып жатырмыз. Сол қарашада қазақ күресінен «Үздік сегіздік» жарысы болады, Қазақстанның үздіктері жиналып, кім мықтыны анықтайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или