ШҚО-да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері марапатталды

ШҚО-да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері марапатталды

Шығыс Қазақстан облысында дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Prosports.kz 

8-13 қыркүйек аралығында елордада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шығысқазақстандық споршылар жемісті өнер көрсеткен болатын. Бүгін облыс әкімдігінде сол спортшылар салтанатты түрде марапатталды.

«Барша әлем назарын өзіне аударған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте жоғары дәрежеде өтті. Тіпті әлі күнге дейін сол туралы талқылаулар, жақсы пікірлер айтылып жатыр. Дүбірлі додаға Шығыс Қазақстаннан 20 спортшы қатысқан болатын. Олар көшпенділер ойындарына арқан тартыс, дәстүрлі садақ ату, таяқ тарту және бәйге сынды спорт түрлерінен бақ сынасып, жүлдері орындарды иеленді. Сіздерді осы жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, әлі де жеңісті күндеріңіз көп болсын дегім келеді», - деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Арқан тартудан Ұлттық құрама сапында бірыңғай Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жарыс жолына шыққан. Олар жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді. Бәйгеде де шығыстың тұлпары топ жарды. 18000 метр қашықтықта сынға түскен сәйгүліктер арасында Бақтыбай Сержан тізгіндеген «Холибой» атты Күршімнен келген жүйрік мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша, шығысқазақстандық спортшылар лицензия алған спорттың барлық түрінен құр алақан қайтпады. Қоржында алтын да, күміс те, қола да бар.

Спортшылар жарысқа дайындықта, сапар кезінде қолдау білдірген облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.

«Біздің командада Атыраудан Алтайға дейінгі әр өңірдің садақшылары жиналды. Еліміздің намысын бірге қорғадық. Ойын өте жоғары деңгейде өтті. Финалға сенімді түрде шығып, Австралияға жол бердік. Жебелеріміз дөп тигенмен жамбыға қадалмай жатты. Енді келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық жүргізіп, бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Облыс әкімдігі тарапынан бізге жан-жақты қолдау көрсетілді. Сол үшін рахметімізді айтып, ризашылығымызды білдіргіміз келеді», - дейді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Ажар Төлеуханова.

Шара соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спортшыларға қаржылай сертификаттар табыс етіп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Дереккөз: Kaz.inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или