Бірінші орынға талас жалғасады. Қазақстан әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп жазады Prosports.kz.
Әндіжан қаласында D тобы аясында Қазақстан құрамасы Африка құрлығының мемлекеті Ливиямен кездесті. Бірінші турда Қазақстан Испаниямен 1:1 есебімен тең түссе, Ливия Жаңа Зеландияны ұтты(3:1).
Испаниямен ойында қызыл қағаз алып қалған Дәурен Тұрсағұлов бұл матчқа қатыспады. Оның орнына бас бапкер бірінші бестікке Арнольд Кнаубты қосты.
Кака шәкірттері үшін алғашқы минуттарда қарсылас қақпасының кілтін табу қиынға соқты. Ливия қорғаныста мығым болды. Оның үстіне жерлестеріміз де соңғы сәтте асығыс шешім қабылдап жатты.
Ойынның 15-минутында Ақжол Дәрібайдың соққысынан кейін қарсылас ойыншысы допты өз қақпасына бағыттап алды. Дегенмен, екі минуттан кейін Ливия таразы басын теңестіріп кетті. Абырой болғанда, Кака шәкірттері жағдайды тез түзеді. Алдымен, Біржан Оразов Қазақстанды есепте алға шығарса, бір минуттан кейін Рашит Жаһангір Ақбалықовтың пасынан кейін есепті 3:1 қылды.
Бірінші тайм кезінде Біржан Оразов кішігірім жарақат алып қалып, бапкерлер оған демалыс беруді жөн көрді. Кака екінші таймда Рашит Жаһангір, Ақжол Дәрібай, Әбдірәсіл Әбдуманапұлы секілді ойыншыларға көп мүмкіндік берді.
Қазақстан құрамасы тағы да он бес минут бойы Ливия қақпасына гол соға алмады. Тек, 35-минутта Альберт Ақбалықов қақпашы қайтарған допқа бірінші жетіп, командасының төртінші голын соғып, қорытынды 4:1 есебін тіркеді.
Екі ойында төрт ұпай жинаған Қазақстан топта көш бастады. Ливия үш ұпаймен екінші орынға сырғыды. Бұл топтағы екінші турдың екінші матчында Испания құрамасы Жаңа Зеландиямен кездеседі. Ойын бүгін елорда уақыты бойынша 20:00-де басталады.
Топтағы соңғы матчта Қазақстан құрамасы 21 қыркүйекте Жаңа Зеландиямен кездеседі.