«Екі ел татулығы үшін» : Қырғызстан қазақтарды қарымта ойынға шақырды
Қырғызстан көк бөрі федерациясының өкілдері Қазақстанға 1 қарашада Ыстықкөл жағасында көкпар мен көк бөріден «Келісім кубогын» өткізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Nur.kz порталы Sputnik Кыргызстан агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Дереккөздің хабарлауынша, бүгін, 16 қыркүйекте Қазақстан көкпар федерациясына шақыру хат жіберілген.
«Біз 1 қарашада сол баяғы құраммен көк бөрі мен көкпар ойнауды ұсынамыз. Бұл спорт, ойын екі халық арасында алауыздық тудырмауы керек. Біз халықтарымыздың келісімі үшін жеке амбициялардан бас тартуға дайынбыз. Төреші басқа елден болады», - деді көк бөрі федерациясының басшысы Рамис Жүнісалиев баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, 12 қыркүйекте көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының финалында кездескен еді. Бұл ойында екі құраманың спортшылары арасында жанжал туды. Кездесу нәтижесі бойынша, 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
Дәл сол күні екі елдің құрамалары көк бөріден Көшпенділер ойындарының финалында ойнады. Бұл бәсекеде Қырғызстан құрамасы 4:10 есебімен басым түскен еді.