«Ақтөбе» футбол клубы жазаланды
«Ақтөбе» футбол клубына 400 АЕК көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Prosports.kz
Бұл туралы ақтөбелік клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
«Егер де көрсетілген тәртіпсіздіктер қайталанса, «Ақтөбе» футбол клубы өз алаңындағы ойындарды көрерменсіз өткізу жазасын тартады. Қазақстан футбол федерациясы жанындағы Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің 4 қыркүйек күні өткен отырысы негізінде осындай шешім қабылданды.
31 тамыз күні өткізілген «Ақтөбе» — «Елімай» матчында қызмет еткен бас төреші мен делегаттың есеп қорытындысы бойынша қарсылас команда мен төрешілер бригадасына балағат сөз айту және жергілікті команданың бас бапкеріне бөгде заттар лақтыру түріндегі жанкүйерлердің оқыс қылығы мен матчты ұйымдастыру барысындағы олқылықтар үшін «Ақтөбе» футбол клубына 400 АЕК (1 476 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
«Ақтөбе» футбол клубы Орталық стадионда өтетін алдағы матчтарда аталмыш заңбұзушылықтардың болмауына сенім білдіреді және жанкүйерлерден қоғамдық орында тәртіп бұзбауға шақырады», – делінген ресми хабарламада.