Асқар Орманов: Олимпиададан кейін Панариннің рейтингін сақтауға күш саламыз

Бадминтоннан Қазақстан командасының бас бапкері Асқар Орманов Париж Олимпиадасында тұңғыш рет бақ сынаған Дмитрий Панариннің маусым соңына дейінгі жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бас бапкердің айтуынша, бүгінде Панарин әлемдік рейтингтегі орнын сақтау үшін бірнеше халықаралық турнирге қатысуда.
"Өткен аптада Дмитрий Панарин Қытайлық Тайпейде өткен турнирде сынға түсті. Келесі аптада Малайзияда, содан соң Макаода өтетін халықаралық жарыстарда бақ сынайды. Біз спортшының әлемдік рейтингтегі орнын сақтауға тырысудамыз. Бұл келесі олимпиадалық циклді жақсы бастауға мүмкіндік береді.
Париж ойындары - біздің алғашқы Олимпиадамыз. Бұл бәсеке бізді жігерлендіре түсті. Қандай жұмыс істеу керектігін түсіндік. Енді тек бір спортшы емес, бірнеше спортшы апару үшін жұмыс істейміз. Басқа да талантты спортшылардың Олимпиадаға қатысуына жол ашсақ деген ниетіміз бар. Бір нәрсе анық - мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай өсеміз.
Келесі олимпиадалық цикл аяқталар тұста Дмитрий Панарин 28 жаста болады екен. Демек, оның да әлі мүмкіндігі бар", - дейді Асқар Орманов