«Медальдің сапасы жақсы болуы керек»: америкалық спортшы алтын жүлдесін сындырып алды
Франция астанасы Парижде өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған америкалық футболшы Линн Уильямс алтын медалін тосын жағдайда сындырып алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Футболдан АҚШ құрамасының және "Готэм" клубының ойыншысы Линн Уильямс Tiktok желісіндегі ресми парақшасында Олимпиадада жеңіп алған алтын медалін абайсызда сындырып алғанын мәлімдеді.
Оқиға Линн Уильямстың командаластарымен кешке қатысқан кезде орын алған. Линн Уильямс медальді иығына іліп алып, билеп жүрген. Бір уақытта медаль жерге құлап, оның лентамен жалғасып тұрған бөлігі сынып, медаль майысып қалған. Уильямс әлеуметтік желіге жариялаған видеосында Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) байланысқа шыққанын және медалін ауыстырып беретінін айтты. Сонымен қатар футболшы бұл мәселе бойынша ХОК-ты кінәлады.
"Мен медальдің сапасы жақсы болуы керек деп ойлаймын. Олар мықты әрі берік болуы керек еді. Шынымды айтсам бұл менің кінәм емес деп есептеймін", - деді Линн Уильямс.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында қола жүлде иеленген қазақстандық спортшылар Назым Қызайбай мен Ғұсман Қырғызбаев та медальдің сапасы туралы пікір білдірген болатын.
Спорт жаңалықтарын Telegram-нан оқы. Prosports.kz арнасына жазыл!