Батысқазақстандық спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанды

Батысқазақстандық спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанды

Молдова астанасы Кишинев қаласында қол күресінен ХХХХV әлем чемпионаты мәресіне жетті.

Қол күресінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Мұрат Ибатовтың мәлім еткеніндей, айтулы додаға әлемнің 61 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.

Батысқазақстандық қол күресі шебері Жанна Қазтуғанова әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

Жанна жарыс барысында аса азулы қарсыластарын қапы қалдырды. Алғашқы белдесуінде украин қызымен кездесіп, айласын асырды. Содан кейін жапониялық Аяна Такенакаға былтырғы кеткен есесін қайтарып, бір қуантты. Сосын румыниялық Андреа Добрынияның меселін қайырды. Түркиялық Есра Киразбен жекпе-жекте жоғары тарту әдісін жүзеге асыра алмады. Дегенмен жартылай финалда А.Такенаканы қайтадан ұтты. 

«Финалда әлемнің 11 дүркін чемпионы Е.Кираз қайта тап келді. Оған арнайы дайындаған әдіс-тәсілімізді қолдандық. Соңғы бәсекеде Есраны екі рет ұтып, жеңіске жеттік. Жарысқа дайындалу кезінде Жанна 12 келі салмақ қуған еді, сондықтан өте қиын болды. Бірақ көздеген нәтижемізге қол жеткізіп, Жанна облыс тарихында алғаш рет қол күресінен әлем чемпионы атанды. Шет жерде қазақтың туын желбіретіп, әнұранын шырқатқанымызға өте қуаныштымыз», деді М.Ибатов. 

Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы командалық есепте ересектер және жасөспірімдер арасында бірінші орынға ие болды.

Бозбалалар мен қыздар арасында батысқазақстандықтар Бейбарыс Наурызғали (70 кг), Сұлтан Әділжанұлы (+70 кг) және Көркем Сырым (65 кг) күміс, Алинура Маратова (55 кг) қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл спортшыларды дайындауға жаттықтырушылар Есенаман Бекболсынов, Мирас Жайманов, Жанна Қазтуғанова, Мұратбек Амановтар атсалысты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или