Алматы әкімі Париж олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық спортшылармен кездесті.
Қала басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнастшы Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер - дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады.
«Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті ісіңіз бен туып-өскен еліңізге деген сүйіспеншілігіңіздің жарқын үлгісісіздер», - деді Алматы әкімі.
Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға берілді.
Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.