Қазақстан Олимпиада жүлдегерлеріне ең көп сыйақы беретін топ-5 елдің қатарына кірді
СNBC басылымы Париж Олимпиадасында жүлде жеңіп алған спортшыларына ең көп сыйақы беретін елдердің тізімін жасады. Бұл тізімде Қазақстан 5-орында тұр, деп хабарлайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
CNBC басылымы Олимпиадаға қатысқан елдердің Ұлттық Олимпиада комитетінен, спорт қауымдастықтарынан ақпарат жинап, талдау жүргізген. Нәтижесінде, Париж Олимпиадасында жүлделі болған спортшыға ең қымбат сыйақы тағайындаған ел Гонконг болып шықты. Бұл мемлекетте алтын медаль үшін – 768 мың доллар, күміске – 384 мың доллар, қолаға – 192 мың доллар беріледі.
Тізімде Қазақстан 5-орынға жайғасты. Елімізде алтын медаль жеңіп алған спортшы 250 мың доллар, күміс жүлдегер 150 мың доллар, ал қола жүлдегер 75 мың доллар алады. Айта кетейік, Гонконг спортшылары Париж Олимпиадасында 2 алтын және 2 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 37-орынға тұрақтады.
Ал Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен 43-орынға табан тіреді. Олимпиада жүлдегерлеріне ең көп сыйақы беретін елдер.
Скриншот: cnbc.com
Еске салайық, Париж Олимпиадасында қай елдер алғаш рет жүлде еншілегенін жазған едік.