Олимпиаданың он бесінші күні ел спортшылары қалай өнер көрсетті
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындары аяқталуға жақын. Ертең соңғы жарыс күні. Кешке қарай төртжылдық доданың түндігі жабылады.
Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың 4 түрінен сынға түскен болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі спортшыларымыз жарқын жетістіктерімен елімізді қуанта алған жоқ.
Еркін күрестен 97 келі салмақта ел намысын қорғаған Әлішер Ерғали ширек финалда жеңіліп қалды. Бағына қарай, өзін жеңген қарсыласы финалға дейін сүрінбей жетті. Осылайша ол жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік алды.
Велотректен кейрин бағдарламасында сынға түскен Андрей Чугай іріктеуде өз тобында мәреге бесінші болып келді. Енді ол жұбаныш кезеңінде бақ сынайды.
Ал қазіргі бессайыстан бүгін А тобының жартылай финалында сынға түскен Елена Потапенко 1301 ұпай жинап, Олимпиада ойындарын 15-орынмен аяқтады.
Сонымен қатар бүгін Парижде Олимпиада бағдарламасына алғаш рет қосылған спорт түрі – брейкингтен ерлер арасында сайыстар өтті.
Бұл сында ел намысын қазақстандық Әмір Закиров қорғады. Өкінішке қарай, отандасымыз жартылай финалға шыға алмады. Закиров ширек финалда әлем чемпионы Виктор Монтальвоға (АҚШ) жол беріп, жарысты аяқтады. Тоғыз төрешінің 3 раунд бойынша есебі: 0-3 (0-9, 1-8, 2-7).