Әдиевтің «тосын сыйлары» Қазақстанды жерге тықты. Ұлттық құрама Грекиядан оңбай ұтылды

Әдиевтің «тосын сыйлары» Қазақстанды жерге тықты. Ұлттық құрама Грекиядан оңбай ұтылды

Арман көкке ұшты. Ертегінің аяқталар тұсы осы екен. Жазда Германияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысамыз ба деген зор үміт бар еді. Афинада азулы Грекиядан ірі есеппен ұтылдық. Бас бапкер Магомед Әдиевтің Қазақстан құрамасын осы деңгейге жеткізгеніне дау жоқ. Бірақ, Грекия жеріндегі матчта қарсылас ойламаған жүріс жасаймын деп қарсыласын шаруасын жеңілдеткені ішті қынжылтады.

Бастапқы құрам тізімін көргенде бірнеше сұрақ туындады. Ортаны Абзал Бейсебеков, Бактиер Зайнутдинов екеуіне тапсырғаны таңданыс тудырды. Алғы шепте Максим Самородов пен Ислам Чеснаковқа күмән жоқ, бірақ Елхан Астановты шабуылдағы үшінші футболшы позициясына шығарғаны да көңілге күмән келтірді. Орталық қорғаныстың сол қапталындағы Нұралы Әліпті оң қапталда ғана өзің жайлы сезінетін Темірлан Ерлановпен алмастыруды жөн көріпті. Қандай мақсатпен капитан Асхат Тағыбергенді, Рамазан Оразовты, Исламбек Қуатты қосалқы құрамда қалдырғанын Әдиев кейін түсіндіре жатар. 

Әдиевтен «тосын сыйлар» алған гректер алғашы он бес минутта матч тағдырын шешіп тастады. Ян Вороговский мен Ерлановтың қапталынан басталған шабуыл оң қапталда пенльтимен аяқталды. Капитандық белгімен жүрген Абзал Бейсебеков ортаны ұстай алмады. Пас бергенде жаңылды, қарсылас шабуылын бұзып жарытпады. Ұлттық құрамадағы қайбір жетістігі үшін Әдиев тіреуші жартылай қорғаушы позицияны беріп қойғаны өзіңе ғана аян. Екінші, үшінші, төртінші голдарды қарсылас Шацкийдің айып алаңының ішінен соқты десек те болады. Үшеуі де сол қапталдан келді. 

Екінші тайм басында қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Оразов арқасында шабуылға қан жүргіргендей көрінген. Гол соғамыз деген ұмтылыс 10 минутқа созылды. Зайнутдинов, Тапалов және Оразовтың соққылары қақпаға дарымады. Ян Вороговский 5-6 метр жерден қақпаны дәл көздей алмады. 85-ші минутта гол соқтық. Оған да жеттік. Бірақ, өз қақпамызға. Еркін Тапалов бұрыштамадан кейін допты Шацкийдің қақпасына бағыттап жіберді. 

Әдиев капитан Тағыбергенді Афинадағы матчта шығармаймын деп әлдебіреуге серт берген секілді. Бабы келіспей тұрса да Асхаттың ұлттық құрамадағы үздік жартылай қорғаушы екені сөзсіз. Ішкі біріншіліктің екі матчына да қатысты. Жаман ойнады деп айта алмаймыз. Гол соқпаған шығар. Зеңбіректің оғындай соққыларын азайтқан шығар. Бірақ, ҚПЛ-да алғашқы турда екі гол соққан Астанов қандай өнерімен таң-тамаша қылды? 

Еуропа чемпионатына қол созым жерге дейін жетіп, бұрын түсімізге де кірмеген нәтиже үшін Әдиев бастаған командаға алғыс шексіз. Дания үшін, Финляндия үшін, топтағы үшінші орын үшін рахмет! Ұлттар лигасындағы бірінші орынның орыны бір бөлек. Десе де, бүгін матчтағы тактикасына қарап сынау орынды деп таптық. Сыннан сабақ алып, Ұлттық құраманың алда алар асуы бар екеніне, бұдан да жоғары биіктікті бағындырарына біз сенбейміз емес, СЕНЕМІЗ!

Енді, Грекия ұлттық құрамасы финалда Грузиямен Еуропа чемпионатының жолдамасын сарапқа салады. Қазақстан Грузиядан 0:2 есебімен ұтылған Люксембургпен жолдастық матч өткізеді. 

Ұлттар лигасы. Жартылай финал

Грекия - Қазақстан - 5:0(4:0)

Гол соққандар: Бакасетас, 9 - пенальтиден (1:0); Пелкас, 15 (2:0); Иоаннидис, 37 (3:0); Курбелис, 40 (4:0); Тапалов, 86 - өз қақпасына (5:0)

Грекия: Влаходимос, Болдок, Мавропанос, Цимикас, Бакасетас, Курбелис, Мадалос, Хацидиакос, Масурас, Яннидис, Пелкас;

Қазақстан: Шацкий, Вороговский, Ерланов, Марочкин, Быстров, Қайыров, Астанов, Зайнутдинов, Бейсебеков, Чесноков, Самородов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или