русский язык
Басқа

Батырхан Төлеуғали: Қарсыласымның көзіңе қарап, оның қорқып тұрғанын түсіндім

Батырхан Төлеуғали: Қарсыласымның көзіңе қарап, оның қорқып тұрғанын түсіндім

Бүгін Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан таеквондодан Азия аймақтық іріктеу турнирінде қазақстандық Батырхан Төлеуғали Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. 17 жастағы қазақ спортшысы 80 келі салмақта сынға түскен болатын. Жарыс соңында Батырхан Olympic.kz сайтына арнайы сұхбат берді.

Турнир барысында Батырхан Төлеуғали Үндістан және Сауд Арабиясының спортшыларын жеңді.

«Бүгінгі кездесулер мен үшін өте маңызды. Өйткені, бұл менің ересектер арасында қатысқан алғашқы ірі турнирлерімнің бірі. Алғашқы айналымда қатты қобалжыдым. Жасырмаймын. Бапкердің айтқанын тыңдамай, өз бетіммен шешім қабылдадым. Мұның да әсері болды. Ал екінші жекпе-жекке жинақы әрі сеніммен шықтым. Кездесу алдында қарсыласымның көзіне қарадым. Оның сенімсіздігі қатты білініп тұрды, қорқып тұрғанын көрдім. Содан соң, өзіме деген сенім де арта түсті. Өздеріңіз көргендей, лицензия алып, ата-анамды, бапкерлерімді, күллі жанкүйерді қуантып жатқан жайым бар. Шыны керек, менде Парижге барамын деген сенім мықты болды. Барша мамандар мен қалың жанкүйердің тілегі сенімімді шыңдай түсті», - дейді Батырхан.

17 жастағы спортшы Қазақстан ересектер құрамасына 2023 жылдың желтоқсанында қабылданған.

«Бұған дейін жасөспірімдер құрамасында жүрдім. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерімін. Қазақстан Спартакиадасында топ жарған соң, ересектер қатарына өттім. Биылғы маусымды Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі турнирлерге қатыстым. «Фуджейра оупен» додасында қола жүлдегер атансам, Түркияда жергілікті спортшыдан жеңіліп қалдым. Негізінен алдыңғы аяқпен соққы жасағанды ұнатамын. Бойым – 1.94 см. Бірақ мұнда бой көп роль ойнамайды. Мұнда керегі – шеберлік пен жігер. Менің үлкен спорттағы даңғылым енді басталып жатыр. Тәжірибем әлі де аз, бірақ шеберлігімді арттыруға бар күшімді салудамын. Енді Олимпиада қарсаңында дайындықты одан әрі үдетеміз. Париж төрінде жанкүйерді жерге қаратпауға тырысамын. Жолдамаға қол жеткізген соң, жігерленіп кеттім», - дейді спортшы.

Батырхан Төлеуғали Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы. Алыс ауылда туылған спортшы бүгінде ел намысын Парижде қорғауға дайындалып жатыр.

"8 жасымда таеквондоға келдім. Ата-анамның жұмыс бабы бойынша Өскеменге көшіп келген едік. Көп ұзамай үйдегілер менің қабілетімді байқай бастады. Кинодағы спорттық элементтерді қайталап, шпагатқа отырып, аяқпен тебуді өздігімнен үйрене бастадым. Міне, осыдан соң таеквондо әлеміне жол ашылды. Бұл - бастамасы ғана. Алда үлкен жеңістер күтіп тұр", - деді Батырхан Төлеуғали.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;