OCTAGON белбеуіне үміткер – жеңіліп көрмеген қазақстандық нокаутшымен жекпе-жегі туралы
10 наурызда Алматыда Еуразиялық жекпе-жек лигасының OCTAGON 56 турнирі өтеді, кештің басты кездесуінде орта салмақтағы титулды жекпе-жек өтеді.
Жеңіліп көрмеген нокаутшы әрі ұйымның қазіргі чемпионы қазақстандық Керим Даидов (9-0) пен өзбекстандық «уақытша» белбеу иегері Ислом Болтаев (4-2) кездеседі.
Өзбек файтері Prosports.kz тілшісене сұхбат беріп, қарсыласын мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырататынын айтты.
– Ислом, жекпе-жекке дайындық қалай?
– Дайындық жақсы жүріп жатыр, бәрі жақсы. Әдеттегідей дайындалып жатырмыз, нәтижесі қалай болатынын Алла біледі.
– Қарсыласыңызға қандай тосынсый дайындадыңыз?
– Керим бұрынғы қарсыластарыма ұқсамайды. Ол ұзын бойлы, ірі файтер, сондықтан оған арнайы дайындалып жатырмыз. Негізінде, барлық қарсыласыма жеке дайындаламын.

– Көп адам Даидовтың осал тұсы жоқ деп санайды. Сіз қазіргі чемпионның бойынан қандай да бір олқылықты байқадыңыз ба?
– Көп адамдар солай ойлайды, бірақ әркімнің әлсіз тұсы бар. Менің ойымша, жеңілмейтін адам жоқ. Біз октагонға шығып, барымызды саламыз, нәтижесін сол кезде көреміз.

– Қазақстандық файтер көбінде қарсыластарын бірінші раундта жеңеді. Бұл сізді алаңдатпай ма?
– Бұл мені мүлдем мазаламайды. Өзіме сенімдімін, жекпе-жекке дайындаламын және өзімнің не істей алатынымды білемін. Бұл мені қорқытпайды, жекпе-жек тағдырын бір соққы шешіп кетуі мүмкін. Мен бұған дайынмын, 5 раундқа дайындалып жатырмын. Кездесу маған ғана емес, екеумізге де қиын сынақ болады деп ойлаймын. 10 наурызда бәрі белгілі болады.
– Бастапқыда турнирді Ташкентте өткізу жоспарланған, бірақ кейін Алматыға ауысты. Бұл сіздің жеңіске деген мүмкіндігіңізді азайта ма?
– Шынымды айтсам, мүлде айырмашылығы жоқ. Иә, жекпе-жек Ташкентте өтсе, жақсы болар еді, сонда жанкүйерлердің қолдауы маған тиімді болар еді. Бірақ жекпе-жек қай жерде өтсе де, октагонда екеуміз ғана боламыз. Мен үшін қайда жекпе-жек өткізу маңызды емес. Бір жағынан, бұл маған оңайырақ болады, өйткені мен жанкүйерлер алдындағы қысымды онша сезінбеймін. Біздің жұмысымыз октагонға шығып, барымызды салу.