русский язык
Басқа

Арқан тартыстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу жарыстары басталады

Республикалық арқан тартыс федерациясы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арқан тартыстан ерлер мен әйелдер арасында іріктеу жарысын өткізеді.

Аталған федерация мәлім еткендей, жарыс ІІ кезеңнен тұрады. І кезеңде аймақтық іріктеу сындарында, ІІ кезеңде аймақтық жарыстардың жеңімпаздары финалдық сында бақ сынайды.
Орталық аймақтың іріктеу кезеңі 13-ақпан күні Астана қаласындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде (мекен жайы: Өндіріс көшесі, 14а) өтеді. Орталық аймақтық жарысқа Астана қаласы, Алматы, Қарағанды, Ұлытау облыстарының командалары қатыса алады.

Солтүстік аймақтық іріктеу кезеңі 17-ақпан күні Көкшетау қаласында «Жеңіл атлетика манежінде» (мекен жайы: Абай көшесі, 116у) өтеді. Солтүстік аймақта Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО облыстары бәсекеге түседі.

Шығыс аймақтық бәсеке Абай, Жетісу, ШҚО және Алматы қаласы спортшыларының арасында өтпек. Шығыс аймақтық іріктеу кезеңі 20-ақпан күні Семей қаласындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (мекен жайы: Дастенов көшесі, 34) болады.

Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары Батыс аймақтық іріктеу кезеңінде Атырауда бас қосады. Қатысушылар 24 ақпан күні №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешеніне (мекен жайы: Нұрсая 28а) жиналады.

28 ақпан күні Тараз қаласындағы Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының спорт кешенінде (мекен жайы: Жамбыл даңғылы, 16) Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының спортшылары күш сынасады.

Финалдық тартыс 7 наурыз күні Астана қаласында өтеді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс.

2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтсе, 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

Енді V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл, яғни 2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді.

Түпнұсқасы: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;