Қысқы

Канвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды

Канвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
news-banner7
mobile-news-top

Азия құрлығында алғаш рет өткен қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Каннын қаласындағы Youth Olympic Park кешеніндегі жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын Берік Боранбаев пен Мерей Тастемір ұстап шықты. Ашық аспан астында өткен кеш кезінде семсерлесуден Олимпиада жеңімпазы, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах ұйымдастырушы Оңтүстік Корея мемлекетіне ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, Корея Республикасы ойындарды жоғары деңгейде өткізіп қана қойған жоқ, 14 күн бойы өз мәдениетімен қызықтырып, қонақтардың уақытты қызық өткізуіне қолайлы жағдай жасады.

Осыдан кейін 6 елдің чемпион атанған спортшысы бәсеке кезінде қызмет еткен еріктілерге сыйлық табыстады. Бойтұмар «Мунчо» ойындардың алауын сөндірген соң атлеттер арена ішіндегі сауық кешіне аттанды.

Келесі, 2028 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын ел 2025 жылдың басында белгілі болады. Бұл жайында ХОК президенті Томас Бах айтты. Ал 2026 жылы Сенегалда (Дакар-2026) жазғы спорт түрлерінен жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді.

Айта кетейік, бұл ойындарда Қазақстан намысын спорттың 5 түрінде (9 бағдарлама) 41 жасөспірім қорғады. Нәтижесінде біздің делегация 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 20-орынға табан тіреді. Алғашқы жарыс күні шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных чемпион атанды. Сосын, шорт-тректен Полина Омельчук пен 3×3 хоккейден ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.

Азия құрлығында алғаш өткен ойындарда 32 мемлекет жүлдеге қол жеткізді. Жалпы қаңтардың 19-ында басталған бәсекеге 78 елден 1803 атлет жиналды. Тунис пен БАӘ елінің спортшылары алғаш рет қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрінен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Көш басында 11 алтыны бар Италия тұрса, одан кейін Германия жайғасты. Ең көп жүлде алған мемлекет АҚШ (21). Каннында Бразилия, Таиланд, Түркия мен Тунис спортшысы алғаш рет өз еліне жүлде сыйлады. Кешенді жарыс 12 нысанда өтті. Оның жетеуі 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасы кезінде салынған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер