Ұлттық спорт

Ұлттық спорт түрлеріне бөлінетін қаржы мардымсыз — Тастанбек Есентаев

news-banner7
mobile-news-top

Биылғы қыркүйекте Қазақстанда кезекті Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтеді. Айта кетсек, өткен жылы байрақты бәсеке Түркияда ұйымдастырылған. Осы орайда, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Тастанбек Есентаевты әңгімеге тарттық. Спикер осы төңіректегі жетістіктер мен проблемаларды жеткізді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты inform.kz-ке сілтеме жасап.

— Әу баста Ұлттық спорт қауымдастығын құрудағы негізі мақсат қандай болды? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Қысқаша айтқанда, Ұлттық спорт қауымдастығының негізгі мақсаты бабаларымыздан қалған жауынгерлік өнерді дәріптеп, ұлттық спортқа айналдыру болды. Осындай мұрат-мүддемен әрбір спорт түрінен федерациялардың іргесі қаланды. Исламбек Салжанов 2022 жылдың қыркүйек айында қауымдастықты басқаруға келгенде, федерациялардың саны алтау еді. Қазір федерациялардың саны 10-ға жетті. Бұл да біздің осы ұлттық спортымызды зерттеп, оны дамытуға, әрі қарай өзгертуге мүмкіндігіміздің бар екенін дәлелдейді.

Негізі, ұлттық ойын бар, содан соң сол ұлттық ойындарды ұлттық спорт түрлеріне айналдыру бар. Ол ойындарды ұлттық спорт түріне айналдыру үшін бізде 20 облыстың кемінде 10 облысында федерацияның филиалдары болу керек. Солай тұтас дамыту қажет. Сонда ғана ұлттық ойындарды Спорт министрлігі спорт ретінде таниды. Міне, осындай қағидалары бар. Біз қазір сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

Жалпы, біздің жұмыстарымыз үш бағытта жалғасып жатыр. Біріншісі — ұлттық спорт мамандарын дайындау. Екіншісі — инфрақұрылымды дамыту. Үшіншісі — спорттық индустрияны ілгерілету.

Өкінішке қарай, бізде қазір ат спорты түрлерінен мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары да, мектептер де жоқ. Сондықтан, біз осы бағыттағы мәселелерді шешу үшін 2023 жылы ғылыми топ құрып, сол ғылыми топтардың үш айлық жұмысының арқасында екі оқу бағдарламасын жазып шығардық. Солардың бірі — Алматыдағы Туризм және спорт академиясы жанындағы ұлттық спорт факультетінің ішінен «ат спортының жаттықтырушысы» деген мамандық дайындауға тапсырма бердік. Ғылыми кеңестен өтті.

Екіншісі — мектеп жасындағы балаларды ұлттық спортқа тәрбиелеуге педогогикалық қырынан талдау жасадық. Оның ішінде, ат спортына қатысты барлық теория мен тәжірибе толық қарастырылған. Біз енді аграрлық бағытта оқытатын университеттердің бірінен «ат спортының ветеринары» мамандығын даярлауды көздеп отырмыз.

— ⁠Болашақта ұлттық спорт түрлерінен мамандар мен кәсіби спортшылар дайындайтын академиялар ашылуы мүмкін бе?

— Академия мен түрлі оқыту орындарын ашуымызға болады. Бірақ ең алдымен, мұның бәрін бір жүйеге келтіріп алуымыз керек. Жүйеге келтірмей, ғылыми зерттеулер жасамай, толық сараптама тағайындамай, мұның бәрін жолға қою мүмкін емес. Сондықтан, бүгінде осының бәрін қолға алып жатырмыз.

Екіншіден, инфрақұрылымдардың жұмысын қайта қарау керек. Мысалы, қазір Қазақстанда 40-қа жуық ипподром жұмыс істейді. Бірақ олардың көбі талаптарға сай келмей жатады. Сол сияқты, ұлттық спорт түрлерінің біразына арнайы орындар мен ғимараттар қажет. Ең бастысы, олар заманауи техникалық стандарттарға сай болуы тиіс. Сонда ғана біз спорт түрлерін әлемге таныта аламыз.

Қазір ғалымдармен бірлесе отырып зерттеу жүргізіп жатырмыз. Жабық кешендерге байланысты да үнемі талқылаулар болады. Жабық кешендер салынуы керек деуіміздің мақсаты — ұлттық спорт түрлері әр маусымда, қысы-жазы ойнатылуы керек. Сол кезде бізде көп мүмкіндік ашылады.

— ⁠Қауымдастыққа қаржы қайдан бөлінеді, кімдер демеушілік жасайды?

— Министрліктің жанында Спорт қоры жұмыс істейді. Спорт қорын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қаржыландырады. Осы Спорт қоры барлық спорт түрлерін дамытуға арнайы бюджет бөледі. Біз жұмысымыздың ауқымына қарай оларға тапсырыс береміз. Сол тапсырыс бойынша қор жобаларымызды қаржыландырады.

Мысалы, былтыр бізге 172 млн теңге бөлінді. Біз жалпы соманың 165 млн теңгесін игердік. Қалған 7 млн-ды мемлекет қазынасына қайтардық. Бірақ, қауымдастық жұмысшыларының жалақысын, олардың жұмыс барысында қолданатын құрал-жабдықтарын, іссапарларын Исламбек Төлебайұлы өзі қаржыландырады. Былтырдың өзінде 300 млн теңгеге жуық қаржы құйды. Сонымен қатар, елім деген, спортқа жаны ашитын патриот азаматтардан да демеушілік бағытында көп көмек келеді.

— Әңгімемізді осы жылы өтетін, Президенттің өзі назар аударып отырған Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны төңірегінде өрбітсек. Дайындық шаралары қалай жүріп жатыр?

— ⁠Биыл — біздің қауымдастық үшін ерекше жыл, өйткені 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын ұйымдастырғалы отырмыз. 8-14 қыркүйек аралығында өтеді. Қызу дайындық жүріп жатыр. Бұрын-соңды жасалмаған жұмыстар мен бастамалар қолға алынды. Осы ойындарға спортшыларымызды дайындау үшін екі ғылыми топ құрдық — кешенді ғылыми топ. Бұл топтарды қаржыландыру көзі әлі шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта күн тәртібінде тұр бұл мәселе. Топтың мақсаты — ойынға қатысатын аттардың, шабандоздардың толық күйін зерттеп, оларды жақсартуға жұмыс істеу. Бұл топтарға тәжірибелі мамандар жиналып жатыр.

ұлттық спортФото: Kazinform

— Соңғы жылдары ұлттық спортқа деген қоғамның көзқарасы қалай өзгерді? Осы бағытта мониторинг, аналитика жасала ма?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауымдастық президенті Исламбек Салжановқа арнайы берген тапсырмасы бар. Ол тапсырмада кешенді концепция жазу тапсырылған. Біз қазір осы бастаманы қолға алып жатырмыз. Осы концепцияда біздің қоғамның ұлттық спортқа көзқарасы туралы түрлі зерттеу болады. Қазіргі уақытта, сауалнама өткізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, Қазақстан тұрғындарының ұлттық спорт туралы білетіні 37 пайыз ғана. Бұл — өте төмен көрсеткіш.

⁠Біздің өміріміз жылқы жаратылысымен тығыз байланысты. Біз — ат үстінде өмір сүрген халықпыз. Бұл — біздің психологиямыз, бұл — біздің философиямыз, бұл — біздің өмір салтымыз. Сол үшін де, біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтпау үшін де осы ұлттық спорт түрлерін мүмкіндігінше дамытып, қолдауымыз керек. Біз тарихымызда да осылай төрт түлік малмен етене қабысып өмір сүрдік. Аталарымыз аттың үстінде жүріп, елін, жерін жаудан қорғады. Жылқының тазалығын, рухын, қасиетін сезінді. Қазақты аттан түсіргісі келгендер де көп болды. Бірақ бұл рух біздің қанымызда бар. Сол себепті де, осы мәселеге заманауи көзқараста пайым жасауға тиіспіз, қазақты ұлт ретінде сақтауға көмектесетін бірден бір құрал — осы ұлттық ойындар, ұлттық спорт түрлері.

— ⁠Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлері арасында ең танымалы, көпшілік қызығатыны қайсы?

— Ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы, жанкүйерлердің көзайымына айналғаны — көкпар. Бірақ, көкпарды да бір жүйеге келтіріп, әрі қарай дамыту қажет. Бәйге де — өте танымал спорт түрі. Тарихымызға үңілсек, қазақтың әр тойы бәйгесіз өтпегенін көреміз. Бірақ, бәйгенің ішіндегі ұшқыр бәйге біздің елде аса дамымаған. Оның себебі, ипподромдарымыздың халықаралық стандарттарға сай келмеуі. Дегенмен, Астана қаласында қазір жаңа ипподромдардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы көшпенділер ойынында біз осы кешендердің игілігін көреміз деп ойлаймын.

көкпарФото: ulttyqatsport.kz

— ⁠Елімізде ұлттық спорт түрлерімен айналысатын қанша кәсіби спортшы бар?

— Ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың саны қазір 500 мыңдай. Бұл — салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Осы мәселені шешу үшін, ұлттық спортпен айналысатын ойыншылардың санын көбейту үшін насихат жұмыстарын сапалы түрде жүргізуіміз керек. Мысалы, Олимпиадада ойналатын спорт түрлеріне тиісінше ақша да көп бөлінеді. Ал, ұлттық спорт түрлеріне бөлінетін қаржы мардымсыз.

Ал шындығында, Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны — Олимпиаданың балама нұсқасы. Түркі тілдес ұлттардағы спорт түрлерін насихаттап, танымал етсек, мүмкін болашақта бұл спорт түрлері де Олимпиада ойындарының ішіне кіруі мүмкін. Халықаралық олимпиада комитеті біздегі ұлттық спорт түрлерімен таныс емес. Сол үшін оларға өзімізді, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін таныстырып, ұсына алуымыз керек.

Көшпенділер ойынында ресми бекітілген 20 спорт түрі бар. 10 спорт түрінен көшпенділер ойындарының алаңында көрсетілім болады. Болжам бойынша 100-ден астам мемлекет қатысады. Одан бөлек, осы ойындарды тамашалауға 15-20 мың турист келеді деген болжамымыз бар.

— Көшпенділер ойынынан кейін қандай өзгеріс күтесіздер?

— ⁠Біз осы Көшпенділер ойыны арқылы дүние жүзіне ұлттық кодымызды, ерекшеліктерімізді жеткізуге мүмкіндік аламыз. Қандай нәтиже күтетінімізге келсек, әлбетте бұл шарадан кейін халық арасында ұлттық спорт түрлерінің танымалдығы артады. Қызығушылық көбейеді. Тиісінше, ұлт ретінде беки түсуімізге де мүмкіндік береді. Қоғамдық пікір қалыптасады.

— ⁠Ғылыми кешенді топтағы ғалымдар сырттан келе ме, әлде отандық ғалымдар ма?

— ⁠Бұл топқа тартылатын мамандардың барлығы — отандық мамандар. Екі жоғарғы оқу орнымен келісімшарт жасадық. Сол оқу орындарының ғалымдарымен тығыз жұмыс істеу үстіндеміз. Біздегі ғылыми жұмыстарға да солар атсалысады. Оқу бағдарламаларын жазған кезде де сол ғалымдардың — Ұлттық аграрлық зерттеу университеті мамандарының көмегіне жүгіндік. Ұлттық спортты ғылыммен ұштастыра отырып дамыту бұрын-соңды болмаған нәтиже береді. Олардың жұмыс барысы бойынша жасаған дүниелері, ғылыми зерттеулері туралы баяндама осы жылы болатын Көшпенділер ойыны кезінде ғылыми конференцияларда көпшілікке ұсынылады.

— ⁠Ұлттық спорт түрлерін балаларға қалай дәріптеу керек? Осыған байланысты жоспарларыңыз, ұсыныстарыңыз бар ма?

— ⁠2029 жылға дейінгі Ұлттық спортты дамыту бойынша концепция жазып жатырмыз. Осы құжаттың ішінде бәрі толық қамтылған. Ұлттық спортты насихаттаудан бастап, бала тәрбиесінде қолданылуына дейін толық ашып көрсетеміз. Мектептермен де тығыз жұмыс істейміз. Оларға ұлттық спорт түрлерінің маңызын тәжірибе арқылы көрсетіп, дәріптеу жұмыстарын да жүргізіп отырмыз. Оқу бағдарламаларын жасаған кезде де ұсыныстарымызды үнемі айтып жүрміз. Алдағы уақытта, Оқу-ағарту министрлігімен меморандумға қол қойып, тығыз байланыс орнату жоспарымызда бар.

— Әңгімеңізге рахмет.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер