Петропавлда тоғызқұмалақтан республикалық чемпионат өтіп жатыр

Петропавлда тоғызқұмалақтан республикалық чемпионат өтіп жатыр

Петропавлда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар командалары арасында ҚР чемпионаты басталды. Жарысқа 245 спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық чемпионат басталды. Еліміздің 13 облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 245 спортшы қатысып жатыр. Барлығы 16 команда, 21 жасқа дейінгілер топ-топқа бөлініп, жеті жас санаты бойынша үздіктер анықталмақ.

«Соңғы жылдары СҚО-да ұлттық ойындар қарқынды дамып келеді. Жетістіктер бар. Тоғызқұмалақ ойынынан әр мектепте үйірме жұмыс істейді. Қазан айында облыстық чемпионат өтті. Іріктеу додасына бұрын 30-40 адам ғана қатысса, биыл 200-ден асып кетті.
Адамдық қасиет – ойдың ұшқырлығын, сананы дамытатын бұл ойын ата-бабамыздан келе жатыр. Республикалық чемпионаттың бізде ұйымдастырылуы спорттың осы түрінің өңірде одан әрі дамуына үлкен сеп», - дейді СҚО бойынша тоғызқұмалақ федерациясының президенті Жомарт Омаров.

Бұл жарыс арқылы әлемдік додаларда өнер көрсететін спортшылар анықталмақ.

«Алматы облысынан 17 оқушы келіп отыр. Олардың барлығы бірінші орын иегерлері, яғни кілең мықтылар. Петропавлға алғаш келіп отырмыз. Чемпионат жоғары деңгейде өтіп жатыр, қарсыластарымызға сәттілік тілейміз.
Тоғызқұмалақ бүгінде әлемге танымал. Биыл оқушылар арасында алғаш рет Әлем чемпионаты, Моңғолияда Азия чемпионаты өтті. Сол жарыстарда біздің Алматы облысының спортшылары өте жақсы көрсеткішке қол жеткізді», - дейді Алматы облысының өкілі, ардагер спортшы Гүлсім Мұсаева.

Тоғызқұмалақтан республикалық чемпионат Петропавлда 13-19 қараша аралығында өтеді. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или