Зухра Ирназарова әлем чемпионатында тарихи жүлдеге қол жеткізді
Әзербайжан астанасында өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына 2 медаль түсті, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметі.
Әйелдер арасында 10 метрден жылжымалы нысана көздеудің финалына екі қазақстандық – Зухра Ирназарова мен Александра Садуакасова шығып, бас жүлдені сарапқа салды. Тартысты өткен ақтық сында Зухра отандасы Александрадан 6-3 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Ал қола украиналық Галина Авраменкоға бұйырды.
Бұған дейін ересектер арасында қазақстандық мергендер әлем чемпионатында жүлде алмаған. Ал бүгін бірден қос медаль бұйырды. Бүгін күміс жүлдеге ие болған Александра Садуакасова былтыр Францияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған.
«Бүгінгі күн қарбаласқа толы болды. Біз осы чемпионатқа ұзақ уақыт дайындалдық. Әр оғымды алдыңғысынан жақсы, дәл атуға тырыстым. Бар тактикам осы болды. Жарысқа дейінгі жаттығулардың арқасында осы жүлдеге қол жеткіздім»,-деді Зухра Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, қазір жылжымалы нысана көздеу Олимпиада бағдарламасына кірмегенімен, Азия ойындары, әлем және құрлық чемпионаты сынды байрақты бәсекелердің қатарында.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде 3 жүлде бар. Бірнеше күн бұрын стенд атудың трап бағдарламадасында Мария Дмитриенко мен Даниил Почивалов (микст) үздік үштікті түйіндеген.
Бакудағы дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді.