Жетісу облысының әкімі әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаевқа 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті

Жетісу облысының әкімі әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаевқа 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Иорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен жастар арасында Әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаев пен оның жаттықтырушы Мұхамет Нұғмановты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісу таланттарға бай өлке.
«Осыдан жиырма жыл бұрын жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаев осы күрес түрінен жастар арасында Әлем чемпионы болды. Бүгін оның жолын жалғап, сен де әлем жастары арасында үздік шықтың. Бұл, біріншіден өзіңнің күш-жігерің мен тынымсыз еңбегіңнің арқасы, екіншіден сені 7 жастан осы күреске баулып, жаттықтырған әкеңнің еңбегінің жемісі. Сен тек өз әулетіңді, Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстанды әлемге таныттың. Енді ересектер арасында топ жарып, Олимпиада шыңына шығуыңа тілектеспін. Шаршамай-талмай жаттығып, еңбектен. Біз саған барлық жағынан қолдау білдіруге әзірміз, - деді Бейбіт Исабаев.
Жас спортшы әкіммен әңгімелесу барысында Әлем чемпионатының қалай өткенін айтып берді. Сол сияқты өзінің спорттық жолы, ең мықты қарсыластармен белдесуден кейінгі түйген ойлары, алдағы жоспарлары жайлы баяндады.

photo
«Жастар арасында Әлем чемпионы атанғаным тек менің ғана емес, еліміздің жеңісі деп білемін. Алда жоспарларым көп. Олардың бәріне тынбай жаттығудың арқасында жетемін деп ойлаймын», - деді Исхар Құрбаев.

Жаттықтырушы Мұхамет Нұғыманов Исхардың келесі жылы ересектер арасында белдесуге ниетті екенін айтты.

«Исхар қазір Алматыдағы Спорт және туризм академиясында 3 курста оқиды. Жаттығуға, үлкен мақсаттарға жетуге барлық мүмкіндігі бар. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз», - дейді ол.

Облыс әкімі спортшы мен оның жаттықтырушысына Құрмет грамотасын ұсынып, чемпионға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или