Ризабек Айтмұхан жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс алды
Ұлттық құрама палуаны Ризабек Айтмұхан Иордания астанасы Амман қаласында басталған күрес түрлерінен жастар арасындағы (U20) әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
<span>92 кг салмақта күресетін отандасымыз алғашқы белдесуінде қырғыз спортшысы Нурболот Адылуулуды, сосын канадалық Самуэль Перейраны ұтты. Жартылай финалда грузиялық Георгий Ромелашвилиді таза жеңіп, финалға шыққан. Ақтық айқаста ирандық Мохаммадмобин Голомалимиге жол берді.</span>
<span>Айта кетейік, Ризабек биыл Алматыда өткен еркін күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында топ жарған. Осыдан кейін Астанадағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал биыл маусым айында Бішкекте алматылық атлет 23 жасқа дейінгілер арасында 2 дүркін Азия чемпионы атанған.</span>
<span>Бұл біздің палуандардың Аммандағы додадағы алғашқы жүлдесі. Чемпионат 20 тамызда мәресіне жетеді.</span>