Қазақстан мергендері әлем чемпионатынан тағы 4 медаль алды

Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында жасөспірімдер арасында нысана көздеуден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы 4 медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Propsorts.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қазақстан қыздар құрамасы жылжымалы нысана көздеуден (10 м) Украина спортшыларын қапы қалдырып, чемпион атанды.
Ел намысын қорғаған апалы-сіңлілі Зухра мен Фатима Ерназарова және Александра Сәдуақасова аталған жаттығуда ересектер арасындағы әлем рекордын жаңартты (1686 ұпай).
Осы сында еліміздің бозбалалар құрамасы украиналықтарға жол беріп, күміс медальға қол созды.
Құрама сапында Асадбек Назиркульев, Илья Зотеев, Даниил Яковенко бақ сынады.
Сонымен қатар жылжымалы нысана көздеуден жекелей сында Фатима Ерназарова екінші орынға көтерілді. Ол финалда украиналық Маркани Тарканиге (4-6) жол берді.
Фатиманың іріктеуде жинаған 572 ұпайы жасөспірімдер арасындағы жаңа әлем рекорды ретінде тіркелді.
Тағы бір отандасымыз Александра Сәдуақасова қола медаль үшін матчта украиналық Алина Ткаликтен жеңіліп қалды.
Ал Никита Чирюкин 25 метрден тапаншамен (стандарт) оқ атуда күміс жүлдеге ие болды (572 ұпай). Никита тек жарыс қожайыны Сук Жин Хонгқа есе жіберді (578 ұпай). Бұл – Н.Чирюкиннің осы біріншіліктегі екінші медалі.