Анна Данилина Уимблдон турнирінің ширек финалына өтті

Қазақстандық Анна Данилина аралас сында Уимблдон турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші франциялық Николя Маюмен бірге екінші айналымда италиялық Андреа Вавассори – ресейлік Людмила Самсоновамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-франциялық жұп тай-брейкте сәттірек ойнады – 7:6 (7:4).
Екіншісінде А.Вавассори – Л.Самсонова 6:4 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші сетте Н.Маю мен А.Данилина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:8). Екі сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында олар 8 эйспен ерекшеленді. Қарсыластары 9 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Николя Маю жартылай финалға шығу үшін жарыстың 7-ракеткалары, хорватиялық Мате Павич – украиналық Людмила Киченокпен таласады.