русский язык
Грек-рим күресі

Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнирде 6 қазақ балуаны топ жарды

Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнирде 6 қазақ балуаны топ жарды

Астана қаласында даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы халықаралық турнир аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген балуандармен қатар Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан Республикасы және Израильдің үздік 164 спортшысы 3 күн бойы өзара сынға түсті.

Қазақ балуандары арасынан Айбек Айтбеков (55 кг), Олжас Ерғали (77 кг), Ислам Евлоев (82 кг), Нұрасыл Аманалы (87 кг), Нұртас Қыдырбаев (97 кг), Жохар Узаров (130 кг) өз салмағында чемпион атанды. Қазақстан қоржынында барлығы 6 алтын, 5 күміс, 14 қола қола.

Әзірбайжан құрамасы Илкин Гурбанов (60 кг), Канан Абдуллазаде (67 кг, U-20 әлем чемпионы) пен Руслан Нуруллаев (72 кг) өз салмағында үздік шыққан соң жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Үздік үштікті түйіндеген Қырғыз Республикасына жалғыз алтын медальді Жанторо Мирзалиев (63 кг) сыйлады.

«Бұл жарыстың біз үшін орны ерекше. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Келесі жылы бұдан да көп ел қатысуы үшін жылдың басына ауыстыру керек болады. Оны Халықаралық күрес федерациясының күнтізбесін ескере отырып, бекітуіміз қажет. Мысалы, осы жарысқа Өзбекстан құрамасы біраз мықты балуандарын жібере алмады. Себебі, онда қазір ел чемпионаты өтіп жатыр. Ал Әзірбайжан мен Қырғызстан құрамасы негізгі құраммен келді»-деп айтты Қазақстан әйелдер, грек-рим және еркін күрес федерациясының президенті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Биыл Олимпиада чемпионын еске алуға арналған бәсеке 3-рет ұйымдастырылды. Даңқты балуан қайтыс болғанға дейін бозкілем шеберлерінің турнирі Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесі үшін өтіп келді.

«Жазда Азия чемпионатына баратын Ұлттық құрама балуандары өз деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Еліміздің өңірлерінен Ақтөбе облысы жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы 2 айда біз үшін жауапты жарыстар бар. Алдағы күндері Әзірбайжан құрамасымен бірлесіп, дайындықтың бірінші кезеңіне кіресеміз. Олардың көздегені Еуропа чемпионаты», -деді Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Қонысбек Тукенов.

Осы турнирден кейін Астана қаласында Қазақстан мен Әзірбайжан құрамасы бірлескен оқу жаттуғу-жиынын өткізіп, құрлық чемпионатына дайындыққа кіріседі. Біздің балуандар 12-20 шілде айында Иордания астанасы Амманда сары құрлық бәсекесінде (U-15 пен 20) бақ сынасы, Әзірбайжан спортшылары Еуропа чемпионатында жүлдеге таласады. Осы жас санатындағы әлем чемпионаты Польша астанасы Варшавада 14-20 тамыз аралығында болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;