Ангелина Лукас: Шын мықты рингте белгілі болады

Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Петропавлдағы Спартакиадада Балауса Мұздиманға қарсы өтетін алдағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Тілшімізбен әңгімесінде Ангелина турнирде бір ғана мақсат – тек жеңіс екенін айтты.
- Ангелина, жеребе нәтижесі қалай? Балауса Мұздиманмен бұрын кездесіп пе едіңіз?
– Иә, жеребе тартылды. 18 мамырда Спартакиададағы алғашқы жекпе-жегім өтеді. Мен бір ғана нәрсені айта аламын: мен көп еңбек еттім, аянбай еңбек еттім, еңбегімнің жемісін беретініне сенімдімін. Менің мақсатым тек жеңіс.
– Балауса да кәсіпқой бокста жүр, ұлттық құрамаға шыққысы келеді. Сіздердің қайсысыңыз әуесқой боксқа көбірек бейімделдіңіз?
– Әркімнің өз мақсаты мен арманы бар. Бұл түсінікті. Бірақ тек ринг бәрін көрсетеді.
Еске салайық, Спартакиадада 54 келіге дейінгі салмақта бірінші айналымда Қазақстанның екі сұлу боксшысы кездеседі.