Хоккей

Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Норвегиямен кездеседі

Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 13 мамырда, Қазақстан құрамасы Норвегиямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ойын елорда уақытымен 20.30-да басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрамалар В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Словения, Чехия, Швейцария, Словакия, Латвия.

Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның біреуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында Норвегия құрамасының мерейі үстем болды.

Норвегиялық құрама әлем чемпионатына 68 мәрте қатысып отыр. Жоғары жетістігі - 1951 жылғы әлем чемпионатындағы төртінші орын.

Аталған құраманың хоккейшілерінің негізгі бөлігі өз елінің біріншілігіндегі клубтарда ойын көрсетеді. Сондай-ақ, АҚШ, Швеция, Германия, Финляндия клубтарында ойнайтын хоккейшілер бар.

Былтыр олар А тобында жетінші орынды місе тұтты.

Айта кетсек, әлем чемпионаты 12 мамырдан бастап Латвияның Рига және Финляндияның Тампере қалаларында өткізіледі. Топтық кезең 12 және 23 мамыр аралығына белгіленген. Финал 28 мамырда болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0