«Кінәні өзімнен іздеймін». Сәкен Бибосынов әлем чемпионатындағы жеңілісі жайлы айтты

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов 2023 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында үндістандық Дипак Кумардан жеңілгеніне қатысты пікір білдірді, деп жазады Prosports.kz.
«Ассалаумағалейкум Құрметті Қазақ елі. Құрметті бокс жанкүйерлері! 2023 жылғы әлем біріншілігі өкінішке орай мен үшін аяқталды. Дегенмен мұнда келген мақсатым қазақ боксының тарихында есімімді қалдыру еді. Мойындаймын ұтылдым, кінәні өзімнен іздеймін. Қателіктер болды. Себептер көп, бірі білсе, бірі білмес. 2022 жылдың аяғында қатты жарақат алып, ота жасатқан болатынмын. Отадан соң үйде 1,5-2 ай емделдім. Жарыстарға шыға алмадым. Мүмкін жекпе-жек практикасы аз болған шығар. Жарақаттан емделіп шығып, әлем біріншілігінің алдында жарысқа қатысатын уақыт тығыз болды. Бұнын бәрін ақталу үшін айтып жатқан жоқпын.
Мүмкін жарысқа ақша үшін қатысты деп ойлайтындар бар шығар. Мен елімнің көк туын желбіретіп, 2 дүркін әлем чемпионы болғым келді. Дегенмен әрдайым адамның ойлағаны бола бермейді екен. Әр нәрсенің қайыры бар. Жеңісте, жеңілісте бір Алладан екенін ұмытпайық. Енді қателіктермен жұмыс жасап, Алла қаласа шаршы алаңға мықты болып ораламын. Осымен бокстың есігі жабылмайды, сынбаймын.
Сырт көз- сыншы, дейді емес пе? Сынды да дұрыс айта білу керек. Сынайтындар да, мақтайтындарда көп. Кей адамдар бар, жігіттердің намысына тиетіндей жазады. Олай жазбай тұрып, оның жүріп өткен жолымен жүріп көру керек.
Жарыс жолында қалған боксшыларға сәттілік тілеймін. Еліміздің көк туын желбірете берсін», – деп жазды боксшы.
АЙта кетейік, Сәкен Бибосынов Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалына шыға алмады. Төрешілердің күмәнді шешіміне байланысты Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлевке ресми шағым түсірген, бірақ жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалды.