Грек-рим күресінен Қазақстан жалпы есепте 3-орын алды

Грек-рим күресінен Қазақстан жалпы есепте 3-орын алды

Астана қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен барлық салмақтағы жеңімпаз бен жүлдегерлер белгілі болды. Бүгін кілемге шыққан Ұлттық құраманың 5 балуаны кешкі сессияда медаль үшін таласты.

Елордада грек-рим күресінен Ұлттық құрама қоржынына жалғыз алтынды Ибрагим Магомадов салды. Ол финалында ирандық Саяд Әли Именталабфоманидің осал тұсын тапты.

Биыл ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында топ жарған Ибрагим ширек финалда қырғызстандық Әділхан Нұрланбековті, сосын Әли Мұхамед Кадхимді жеңді. Былтырғы Азия чемпионатында бұл салмақта ел намысын Абылайхан Әмзеев қорғап, финалда ирандық балуанға жол берген.

«Финалға қарсыласымды жан-жақты зерттеп барып шықтым. Белдесуге сақадай сай болдым. Жеңісімді барлық қазақстандыққа және отбасыма арнаймын. Биыл біз үшін жауапты жарыс көп. Өз басым күзде әлем чемпионатында күрескім келеді. Осылай алтын алып, көк туымызды желбіретуді армандаушы едім. Менің құрметіме еліміздің әнұраны шырқалғанын қатты қаладым. Бүгін сол тілегендерім орындалды», деп айтты Ибрагим Магомадов.

Грек-рим күресінен 60 кг дейінгі салмақта сынға түсетін Ернұр Фидахметов Азия чемпионатының қола медалі үшін болған белдесуде қытайлық Ли Жу Чаоға есе жіберді. Шығыс Қазақстан облысының тумасы іріктеуде тайбэйлік Джуи Чи Хуанды және ирандық Мехди Сейфолла Мохсен Неджадты ұтқан. Бірақ жартылай финалда оңтүстік кореялық Ханджа Чунгтан ұтылып қалды.

Айта кетейік, Ернұр былтыр Моңғолияда өткен құрлық чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ал 2021 жылы Алматыда өткен чемпионатта отандасымыз Айдос Сұлтанғали осы салмақта топ жарған.

Тәжірибелі балуан Алмат Кебіспаев (67 кг) тәжікстандық Фирус Мирзораджабовты ұпай санымен ұтып, өз салмағында 3-орыннан көрінді. Бұл Алматтың Азия чемпионатындағы 6-жүлдесі (2 алтын, 3 күміс, 1 қола).

Қазақстандық балуан іріктеуде тайбэйлік Ху Юй Ченді, ширек финалда үндістандық Ашу Асхуды ұтқан. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Аброр Атабаевқа қауқар таныта алмады.

Моңғолиядағы былтырғы сары құрлық бәсекесінде бұл салмақта Мейіржан Шермахамбет жеңімпаз атанған.

«Бүгін жанкүйерлер менен алтын күткенін білемін. Үш дүркін Азия чемпионы атануға барымды салдым. Бірақ әлі толық бабыма келмегенімді байқадым. Өзбекстандық балуан, расында, менен мықты болды. Кездессек, есе қайтаруға барымды салам», деді ол.

Алмат Кебіспаев – грек-рим күресінен ең олжалы қазақ балуанының бірі. Ол 2 дүркін Азия чемпионы, тағы 3 рет күміс медаль алған, әлем чемпионының 5 дүркін жүлдегері.

Финалға шыққан тағы бір отандасымыз Диас Қален (82 кг) шиеленісті өткен белдесуде қырғызстандық Ақылбек Талантбековтен ұтылып қалды. Диас былтыр да Моңғолиядағы сары құрлық додасының финалына шығып, ирандық Расул Гармшириге есе жіберген.

Бәсекені ширек финалдан бастаған отандасымыз өзбекстандық Мухаммодкодир Расуловты, жапониялық Юя Маетаны сенімді жеңді.

Грек-рим күресінен 97 кг дейінгі салмақта өнер көрсететін Олжас Сырлыбай үндістандық Нариндер Чеманың сенімді ұтып, өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Олжас бүгін ширек финалда Ислам Ынтымақтастығы ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері қырғызстандық Узур Жүсіпбековтен ұтылып қалды. Десе де жұбаныш белдесуінде оңтүстік кореялық Сейеол Лидің жолын кесті.

Грек-рим күресінен жалпы есепте Иран құрамасы топ жарды. Олардың еншісінде 5 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль. Одан кейін 3 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен Қырғыз Республикасы тұр.

Серік Жұмашев баптайтын Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медальмен 3-сатыда. Кеше Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) финалда Иран балуанына есе жіберсе, Аманғали Бекболатов, Мұхаммедәлі Мамырбек пен аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов қола жүлде иеленді. 

Ал одан кейінгі орынға Өзбекстан (1 алтын, 1 күміс, 3 қола), Жапония (1 күміс, 5 қола), Үндістан (1 күміс, 3 қола) мен Қытай (1 күміс пен 2 қола) жайғасты.

Былтыр Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қабылдаған сары құрлық чемпионатында қазақстандықтар грек-рим күресінен 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алған.

Енді ертең және арыгүні әйелдер күресі болады. Жалпы бес күнге созылатын бәсекеге құрлықтағы 24 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Бұл қатарда Олимпиада, Әлем және Азия чемпиондары бар. Азия чемпионатын Qazsport телеарнасы мен Халықаралық күрес федерациясының сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или