русский язык

ҚФФ президенті Қазақстан құрама командаларының бапкерлерімен кездесу өткізді

ҚФФ президенті Қазақстан құрама командаларының бапкерлерімен кездесу өткізді
news-banner7
mobile-news-top
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Қазақстан құрама командаларының бапкерлерімен футбол үйінде кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуға ұлттық құрама командалар департаментінің директоры Ғани Қайназаров пен техникалық директор Рафаэль Гарибян қатысты.

Жиында федерация басшысы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне жолдама алған футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Каканың еңбегіне алғысын білдірді. Сонымен қатар «Даму Кубогы» халықаралық турнирінде күміс жүлдені иеленген 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецовтың да жетістігін атап өтті.

Жиын барысында жаттықтырушылар штабында бірқатар өзгерістер болды. Александр Кузнецов енді 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне кіріседі. Сонымен қатар ол барлық жасөспірімдер құрамаларының жұмысын реттейтін үйлестіруші міндетін қоса атқармақ.

17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері міндетіне Марат Еслямов тағайындалды. Ол футболшы ғұмырын «Намыс», «Оқжетпес» және «Химик» командаларында өткізген. 2021 жылы «Ақсу» командасымен Бірінші лига жеңімпазы атанып, алғаш рет Премьер-лигаға шығарды. 2022 жылы «Қайсар» командасымен Бірінші лиганың күміс жүлдесін иеленеп, қызылордалық ұжымды Премьер-лигаға алып шықты.

Ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының әртүрлі құрамаларында жаттықтырушылар штабында қызмет атқарып келді.

Кадрлық өзгерістер әйелдер құрамалар арасында да тіркелді. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін ресейлік-финдік маман Александр Семенов атқармақ. Ол әр жылдары «Аврора» (Ресей), «Ладенсо», «Аланд», «Какконене» (барлығы – Финляндия) командаларын жаттықтырған.

Бұған дейін әйелдер құрамасының бас бапкері болған Айтбай Жамантаев енді 19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының селекциялық жұмыстарын жүргізеді. Айтбай Саяжанұлы бірнеше жылдар бойы қыздар футболында еңбек етіп келеді. Оның басшылығымен жүздеген дарынды қыздар футболға келіп, олардың басым бөлігі ұлттық құраманың қатарына қабылданды.

17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының тізгінін ұлттық құраманың ең үздік сұрмергені Мария Ялова ұстады. Ол ойыншы ретінде «Алма-ҚТЖ», «СШВСМ-Барыс», «БИІК», «Астана», «Университет» (Беларусь) және «Кубаночка» (Ресей) командаларында ойнады. Ол өткен маусымда «Қайрат» командасымен 2005-2006 жылғы қыздар арасында Қазақстан чемпионы атанды.

Бапкерлер жұмысын қорытындылай келе, Әділет Барменқұлов ұлттық құрамалардың жаңа бапкерлерін жаңа қызметтерімен құттықтап, барлығына алдағы футбол маусымына табыс тіледі. Сонымен қатар президент ұлттық құраманың барлық бапкерлерімен жиі кездесу ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;