Қысқы

Тоқаевқа видео үндеу жолдаған спортшы қыз: Дау өз шешімін тапты

Тоқаевқа видео үндеу жолдаған спортшы қыз: Дау өз шешімін тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жолдап, өздерін ұлттық құрамадан шеттетті деген мәнерлеп сырғанаудан спортшы жұп әлеуметтік желіде тағы жазба жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпиондары Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видео үндеу жолдаған болатын. Олар өздерін ұлттық құрама сапынан заңсыз шеттетті деп санайды. Ал бүгіндері АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 2023 жылғы Қысқы Универсиада аясында мәнерлеп сырғанауда да халықаралық сайыс өтіп жатқанын еске сала кетелік. Олар осы жарысқа ілінбедік деп қапалы. Алайда аталған видео үндеуден кейін жағдайдың мән-жайы терең зерттеліп, қос спортшыға өз құқықтары дұрыстап түсіндірілген. Осыған байланысты Гауһар Наурызова Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды еліміздегі бірқатар спорт басылымдары.

«Үндеуде айтылған барлық мәселе мен дау жіті қарастырылып, бүгіндері өз шешімін тапты. Біз федерация (Ұлттық конькишілер федерациясы) Халықаралық конькишілер одағының заңнамалары мен ережелері шеңберінде әрекет етіп отырғанын түсінеміз. Біз федерациямен бірге Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортын дамыту үшін бірлесе ынтымақтасуға дайынбыз. Біз спортқа қатысты заңнамадағы әртүрлі нормалардан мүмкін толыққанды хабардар емес шығармыз. Бұл ара қос тараптың өзара түсіністікке келуімен түзеледі деп үміттенемін», - деп жазды Наурызова әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, олардың алғашқы нәтижелерін және халықаралық жарыстарда Қазақстанның туын көтеруге деген үлкен ықыласын ескере отырып, келесі Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алғысы келулеріне байланысты федерация мәдениет және спорт министрлігіне өтініш жолдаған.

«Осының ақырында менің ұлттық құрамаға қабылдануым тұрғысында түпкілікті шешім тұр», - дейді Наурызова.

Айта кетсек, бұған дейін Наурызова мен Датиев өздерін Қазақстан ұлттық құрамасынан шығарғалы жатқандарын айтқан болатын. Алайда, федерацияны мұны жоққа шығарды, өйткені екі спортшы да ұлттық құрама сапында болмаған. Сонымен қатар, Датиевті Ресей азаматы болуына байланысты ұлттық құрамаға алу мүмкін болмаған, өйткені ресейлік спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына шектеулер енгізілген.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0