Абылайхан Жұмабеков «Ақтөбеге» ауысуы жайлы мәлімдеме жасады

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абылайхан Жұмабеков Instagram-парақшасында «Тараз» жанкүйерлеріне жолдау жасады.
Қазіргі уақытта ол «Ақтөбе» футбол клубында сынақтан өтіп жатыр.
«Құрметті "Тараз" клубының жанкүйерлері! Мен әдетте әлеуметтік желілерде жолдау жасамаймын, бірақ бүгін жолдау жасау керектігін сездім.
Сіздер мені әрқашан да қолдайсыздар, маған күш пен жігер бересіздер. Сол себепті мен сіздерді құрметтеймін. Сол себепті, менің "Тараз" сапынан кетуім тек қана менің спорттық мақсаттарыма байланысты екендігін айтқым келеді.
Былтырғы жыл мен үшін өте маңызды болды. Маған өз туған командамда ойнап, гол салу бұйырды. Ұлттық құрамаға да шақырту алдым. Бұл арман!
Дегенмен, мен ары қарай дамуым керек. Кәсіпқой деңгейде өсуім керек. Бірінші лига ол үшін қолайлы емес. Тек қана осы себепке байланысты өз туған қаламнан кетуге мәжбүрмін.
Енді мен басқа командада ойнайтын боламын. Бұл команданы мықты бапкер, керемет жанкүйерлер мен жоғары мақсаттар болғасын таңдадым. "Ақтөбеге" пайдамды тигізгім келеді. Дегенмен, "Таразды" ешқашан да ұмытпаймын. "Тараздың" менің жүрегімдегі орны мәңгі», - деп жазды футболшы.