русский язык
Басқа

Қазақстан – қонақжай ел – Халықаралық шахмат федерациясының президенті

Қазақстан – қонақжай ел – Халықаралық шахмат федерациясының президенті

Қазақстанда шахматтан әлемнің үздік ойыншыларына қолайлы жағдай жасалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович мәлім етті.

«Біз Қазақстанда бірінші рет жарыс өткізіп отырған жоқпыз. Бұл - қонақжай ел. Мұнда әлемнің үздік ойыншыларына барлық қажетті жағдай жасалған. Қазақстанда әйелдер арасындағы ФИДЕ гран-приінің кезеңі өтті, сонымен қатар Ақтөбеде менің әкемді еске алуға арналған «Владимир Дворкович мемориалы» халықаралық шахмат фестивалі өтті. Сонымен қатар, әрине, біз алдағы турнирлерді, соның ішінде балалар турнирлерін өткізу жайын талқылап жатырмыз. Ел Президентіне, Үкіметке және біздің серіктестерге көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», - деді А.Дворкович.

Спикер өтіп бара жатқан жылдың қиын, әрі өте сәтті болғанын атап өтті.

«Үнді достарымыздың арқасында біз Олимпиаданы ұйымдастыруға қол жеткіздік, қыркүйектен қарашаға дейін бар болғаны үш айдың ішінде өткен жылдардан бері кейінге қалдырылған оннан астам әлем чемпионатын өткіздік. 2022 жылы шахматтың классикалық тақтада да, онлайн режимде де танымалдылығын арттыруға қол жеткіздік. Жүлде қорының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, біз әйелдер шахматы жылын өткіздік және көп турнирлер, оқу-жаттығу процестері көп болды, ұйымдастырушы, менеджер және төреші ретінде әйелдердің көп болуына қол жеткізе алдық. Бұл әйелдер шахматының алдағы он жылына жақсы бастамасы деп сенеміз», - деді ол.

Сонымен қатар, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович басты жетістік – көптеген елдерде жүзеге асырылып жатқан «Мектептегі шахмат» жобасы екенін еске салды. Қазақстан – шахматты білім беру бағдарламасына енгізген елдің бір.

Айта кетейік, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшысы қатысады. Ашық турнирге 176 ойыншы қатысады. Сайыстың фавориті соңғы 10 жылдағы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия).

Әйелдер турнирінде 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Қазақстанның намысын әлемге әйгілі шахматшылар Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;