Басқа

Қазақстанда тұңғыш рет экстремалды слэклинер ежелгі Тетис мұхитының үстінен арқанмен өтті

Қазақстанда тұңғыш рет экстремалды слэклинер ежелгі Тетис мұхитының үстінен арқанмен өтті
news-banner7
mobile-news-top

Эстониялық танымал слэклайнер Яан Руз Қазақстанға келіп, әйгілі Бозжыра шатқалындағы қос «азудың» арасын жалғаған аспалы арқан жолмен жүріп өтті. Бозжыраның орнында бұдан миллиондаған жылдар бұрын ежелгі Тетис мұхиты болған еді.

Спортшының жүрген жарты шақырымдық жолы – жер бетінен екі жүз метр биікте орналасқан. Түсірілім кезінде күн 50 градусқа дейін ысып, қатты жел соғып тұрды.

«Бозжыра мен үшін үлкен сынақ болды. Ол менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Бозжыраның суреттерін көргенде қайран қалып едім. Ал, осында келіп, сол сұлулықтың бәрін өз көзіммен көрген кезде, тіпті таң қалдым. Бұрынғы мұхиттың орны деген дерек қиялыма қанат бітірді. Қазақстанға алғаш рет келуім. Маған бұл жердің халқы қатты ұнады: шетінен мейірімді, ақылды, өз ісін жақсы білетін адамдар екен», - дейді Яан.

5 күнге созылған түсірілім жұмыстарының мақсаты - Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру болды.

Түсірілім барысында ең басты міндеттердің бірі - шатқалдың бірегей табиғатына асқан ұқыптылықпен қарап, осы тарихи мекенге қатысты қойылатын экологиялық талаптардың бәрін толығымен орындау болды.

«Бұл жерге алғаш рет наурыз айында келдік. Сосын бәрін техникалық жағынан сауатты да, қауіпсіз етіп ұйымдастырудың жолын ойластырдық. Әртүрлі ұсыныстар болды, бірақ біз Бозжыраның қайталанбас көркіне титтей де зияны тимейтін, экологиялық жағынан ең тиімді нұсқаны таңдадық, - дейді альпинист, әрі сақтандыру жүйесін орнатушы маман Кирилл Белоцерковский. – «Аспалы жолдың бір ұшын жаяу адамдар жүретін қияға бекіттік: ішіне тас толтырылған тор қаптарды үйіп қойдық та, соған байладық. Ал қарсы беттегі «азудың» жоғарғы жағын арқанмен орап, екінші ұшын соған бекіттік. Конструкциямыз қарапайым, әрі экологиялық зиянсыз болып табылады. Жоба барысында бір де бір тасқа зиянымыз тиген жоқ».

«Бүгінде Маңғыстау облысы Қазақстан туризміндегі басым тұрған бағыттардың бірі. Биылғы келген шет елдік саяхатшылардың саны бойынша, бұл өңір алғашқы озық бестіктің қатарына кірді. Маңғыстаудың әлемдік фильм-туризмінің орталығына айналу мүмкіндігі бар. Біз өз өлкеміздің айрықша сұлулығын ашып көрсете алатын бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек келетін адамдар табиғатымызға асқан ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы керек», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Аманбаев.

Ежелде Ұлы Жібек жолы Маңғыстаудың жерін басып өтетін, ал Бозжыра аумағындағы бекініске ұқсайтын шатқалдардың бірі Қазақстан Республикасының мың теңгелік банкнотында бейнеленген.

«Сондай керемет жер екен, - Яан өзінің алған әсерімен бөлісті. – Мұндағы бірегей локацияны өз көзіммен көргеніме, оған қоса, адамның физикалық мүмкіндігі мен табиғаттың сұлулығын ұштастыра алғаныма қуанамын».

Яан слэклайнмен айналысуды осыдан 12 жыл бұрын бастаған. Бүгінде оны жүйкесі мықты атлет деп атайды. Өйткені бос тартылған аспалы жолмен жүрген кезде, спортшы тепе-теңдікті денесі мен қолын қимылдату арқылы ғана сақтайды. Ал желдің екпіні аспа жолды аяқтың астынан оңай жұлып әкете алады, соның кесірінен, адам тепе-теңдігін сақтай алмай қалуы мүмкін.

Бұл спортшы әлемнің үш дүркін чемпионы, әлемдік деңгейдегі талай рекордтың иесі, ең айрықша локацияларды бағындырған адам. Ол бірнеше рет голливудтық фильмдерде каскадер болып жұмыс істеген және Мадоннаның концерттік турына қатысты. Сол турдың аясында слэклайнер-нөмірлер көрсетіп, әншіге аспа жолмен жүруді үйреткен.

Бұл жоба Маңғыстау облыстық әкімдігінің және «Қазақ Туризм» ҰК АҚ-ның қолдауымен іске асты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер