Айдос Сұлтанғали әлем Кубогының қола жүлдегері атанды
Әзірбайжан астанасы Бакуде грек-рим күресінен Әлем Кубогы аяқталды. Жылдың қорытынды бәсекесіне Айдос алғаш рет жасақталған Әлем құрамасы сапында қатысты.
Санаулы сəттер бұрын ол түркиялық Мукремин Ақтастан басым түсіп (7-1), командасының жүлде жеңіп алуына елеулі үлес қосты. Әлем құрамасы мен Түркия арасындағы текетірес 5-5 аяқталған. Қосымша көрсеткіш жағынан біріншісі басым болды.
Кеше қазақстандық спортшы 3-айналымда әзірбайжандық Мурад Маммадовпен күресіп, басым түскен. Алайда жалпы есеп 5-5 болып, Әзірбайжан қосымша көрсеткіш бойынша Әлем құрамасының алдын орап кеткен. Айта кетейік, Әлем Кубогының иегері Иран мен Әзірбайжан арасында анықталмақ.
Қызылордалық бозкілем шебері кыркүйекте Белградтағы әлем чемпионатында өз салмағында (60 кг дейін) үздік үштікті түйіндеп еді. Бұл грек-рим күресінен Ұлттық құраманың жалғыз жүлдесі болған.