русский язык

«Ақтөбенің» чемпион болатынына сенемін». Руслан Хамбаров – Қостанайдағы даулы матч және маусымның мәресі туралы

«Ақтөбенің» чемпион болатынына сенемін». Руслан Хамбаров – Қостанайдағы даулы матч және маусымның мәресі туралы

«Ақтөбе» ФК директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Руслан Хамбаров Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында «Тобылмен» матчтағы төрешілік жайлы пікір білдіріп, клубтағы рөлі туралы және чемпионаттан не күтетінін айтты.

- Руслан Геннадьевич, қазір «Ақтөбемен» қарым-қатынасыңыз қандай? Сіз клубта қандай да бір ресми қызметтесіз бе?

- Құжат бойынша клубқа ешқандай қатысым жоқ. Бұған дейін, 2020 жылы наурыздан биыл шілдеге дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезде «Ақтөбе» футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін қоса істедім.

Ал іс жүзінде клуб басшылығы, жаттықтырушылар алқасы, ойыншылар және жанкүйерлермен тығыз байланыстамын. Клубқа шын жүректен алаңдаймын және оған барлық қолдау көрсетуге тырысамын. Командада үш маусым болдым, осы аралықта Бірінші лигаға түсіп, пандемия кезінде доп ойнап және Қазақстан футболының үздіктер көшіне қайта қосылдық.

– Ақтөбеде болып жатқан процестерге араласасыз ба?

- Директорлар кеңесінің төрағасы болып тұрған кезде де клуб жұмысына араласқан емеспін, қазір тіптен олай істемеймін. Бұл жұмысты басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев мырза атқарады. Мен оған қашан да толық сенім білдіремін, ол ойымнан қазір де айныған жоқпын. Менің негізгі міндетім тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және инфрақұрылым мәселелерін шешу болатын, бірақ қазір бұл облыстың жаңа басшылығының еншісінде. Қазір мен тек кеңес бере аламын, немесе кей жағдайға қатысты пікірімді айта аламын.

– Сізді «Ақтөбенің» қаржылық тұрғыда қамқоршысы деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Иә, облыс әкімдігінде жұмыс істеген кезімде клубты дер кезінде қаржыландыру міндеті тұрғанын жоғарыда айттым. Биыл шілде айында мен кеткенге дейін клубтың қарызы болған жоқ және болашақта да болмайды деп үміттенемін. Бірақ енді бұл Ақтөбе футболының жаңа кураторының міндеті.

– Маусым соңына үш тур қалғанда «Ақтөбе» екінші орындағы «Астанадан» бір ұпай ғана алда тұр. Команда бірінші орын ала ала ма?

– «Ақтөбенің» чемпион болатынына әрқашан да сенемін. Жанкүйерлеріміз мұны тоғыз жыл күтті, команда сол үмітті ақтай алады деген сенімдемін. Үш тур қалды, барлығы команданың өз қолында. Жігіттер жеңіске деген жігер танытады деген үміттеін! Мұндай қасиет «Ақтөбенің» қанында бар.

– Қостанайдағы «Тобылға» қарсы матч туралы пікіріңізді білгім келеді. Команда ойыны, матчтың манежде өткені және Сәкен Бәйімбет бастаған төрешілер тобының жұмысы жайлы не айтасыз?

– Бұл матч футбол жанкүйерлерінің есінде ұзақ сақталады деп нақты айта аламын. Төреші жай ғана «керемет» болды. Менің ойымша, бұл пікір айтатындай ештеңе жоқ, барлық жанкүйер бәрін өз көзімен көрді. Айтарға сөз жоқ.

– Матчтан кейін төрешіге не айттыңыз?

– Футбол жанкүйерлері, жалпы спорт сүйер қауым мені түсінеді деп ойлаймын. Алаңда мұндай жағдайлар болған кезде эмоцияны ұстау мүмкін емес. Мен де сол қатардамын, эмоцияға беріліп, ол туралы не ойлайтынымды бас төрешіге айттым.

– Қостанайдағы жеңілістен кейін команданың көңіл-күйі қандай?

– Жеңіліске қарамастан команданың жігері сынған жоқ. Барлығы алаңда не болып жатқанын жақсы түсініп, жеңіске деген жігері еселене түсті. Бір нәрсе қуантады: мұндай эмоция қалған үш турға оң әсер етеді.

– «Ақтөбе» 25-тур Шымкентте ойын өткізеді, матчтан кейін тағы да төрешілер қателігі талқыға түседі деген қауіп бар ма?

– Қорқыныш бар, бірақ төрешінің объективті әрі әділ болатынына сенеміз. Қостанайдағы ойыннан кейін жұрт назары төрешілер жұмысына ауды. Бүкіл елдің бақылап тұрғанын біле тұра, бір командаға бұра тарту мүмкін емес деп ойлаймын.

- Ойында төреші жұмысы екінші орында, ең маңыздысы футболшылар мен жаттықтырушыға байланысты деп ойламайсыз ба?

- Төреші жұмысы матчқа әсер ететін өте маңызды фактор саналады.

– Бас бапкер қызметіне Андрей Карповичті шақыру сіздің бастамаңыз болды ма?

– «Ақтөбеге» Андрей Владимирович Карповичті шақырып, облыс әкімінің алдында өзім жауапкершілікті мойныма алдым. Бірден айтуым керек, бұл оңай шешім емес еді, бірақ мен ештеңеге өкінбеймін. Ол сенімді ақтады.

– Андрей Владимировичтің жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Оның жұмысына көңілім толады, турнирлік кестедегі орнымыз оның жақсы жұмыс істегенін білдіреді.

– Соңғы сұрағымыз, жақында облыс әкімінің ауысқанын ескерсек, «Ақтөбені» маусымаралық кезеңде не күтіп тұр? Ал өзіңіз не істеуді жоспарлап отырсыз?

– Қандай да бір болжам айтқым келмейді, бірақ облыстың жаңа басшысы футболды жақсы көретінін және клубты қолдайтынын бірнеше рет айтқан. Солай болады деп сенемін, клуб келесі жылы да бас жүлдеге таласады.

Өз жоспарыма келетін болсақ, кейбір күмәнді ақпарат көздері мені клубты жекешелендіруге қатысып жүр деп жазып жатыр. Бұл кейбір адамдардың шындыққа жанаспайтын болжамы ғана екенін айтқым келеді. Қазір клуб ұстау, әсересе «Ақтөбе» сияқты клубты ұстап тұру өте қымбатқа түсетін тиімсіз бизнес екенін білемін. Қазақ футболының үздік клубтарының бірі команданы Еуропа аренасына шығара алатын мықты инвестордың қолына түсуі керек. Солай болады деп үміттенемін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;