Жеңіл атлетика

Цюрихте Гауһартас лигасының кезеңі басталды

Цюрихте Гауһартас лигасының кезеңі басталды

Швейцарияның Цюрих қаласында Гауһартас лигасының кезеңі басталды. Әлемнің таңдаулы жеңіл атлеттері екі күн бойы күш сынасып, 30 мың АҚШ доллары болатын сыйақыны өзара сарапқа салады. Сонымен қатар келесі жылы Будапеште өтетін әлем чемпионатына берілер жолдама үшін таласады.

Бүгін 6 бағдарламаның жеңімпазы анықталса, ертең «Летцигрунд» стадионындағы сында қалған 26 үздік атлет белгілі болады. Қазақстандық спортшылардан Надежда Дубовицкая (биікке секіру) мен Дейзи Джепкемей (5 км-ге жүгіру) сынға түседі.

Надежда биыл АҚШ-тың Юджин штатында өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында 196 сантиметрге секіріп, 8-сатыдан көрінді. Ал мамырда тағы сол Юджиндегі Гауһартас лигасының 3-ші кезеңінде қола медаль жеңіп алған еді (1.93 м). Сондай-ақ Надежда Азия рекордының иегері, жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Қазір биікке секіруден көшбасшы Юджин, Рабат, Париж бен Брюссельдегі кезеңнің жеңімпазы – украин Ярослава Магучих. Бұдан бөлек, Дубовицкаяның басты бәсекелесі Ирина Геращенко мен Юлия Левченко (Украина), Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Никола Олислагерс (Аустралия), әлем чемпионатының қола жүлдегері Елена Валлортигара (Италия) болмақ. Ал Дейзи АҚШ-тағы әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен еді.

Айта кетейік, «Велтклассе Цюрих» бәсекесі былтыр да Гауһартас лигасының соңғы кезеңі болған. Жалпы бұл жарысты алғаш рет 1924 жылы «Цюрих» футбол клубы ұйымдастырған екен.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0