Басқа

Алматыда парашюттік көпсайыстан чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Алматыда парашюттік көпсайыстан чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Алматыда парашюттік көпсайыстан Қарулы күштердің чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Парашют даярлығы орталығының командасы Қарулы күштер Спорт комитеті оқу-жаттығу орталығының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорт клубының және «ОТАН» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық спорттық-техникалық клубының базасында апта бойы өткен жеке-командалық жарыстың чемпионы атанды.

Жарысқа құрамында 40 спортшысы бар жеті команда және жеке біріншіліктің бес қатысушысы шықты.

Жарыс барысында парашютпен 160 рет секіру орындалды. Бейтарап төрешілік өлшеу рулеткасы мен автоматты өлшеу құрылғысы арқылы ж үргізілді.

Бұдан басқа спорттық-кәсіби жарыстар бағдарламасына "Калашников" автоматынан ату, 100 метр қашықтықта еркін стильде жүзу, жеңіл атлетикалық кросс, сондай-ақ спорттық бағдарлау кірді.

Жеке жарыстағы көпсайыс бойынша аға лейтенант Александр Овдиенко чемпион атанып, екінші орынды кіші сержант Денис Исламов, үшінші орынды 3-сыныпты сержант Бауыржан Кәкім еншіледі.

Командалық сайыстың нәтижелерін атап өтсек: бірінші орында Қарулы күштердің Парашют даярлығы орталығының әскери қызметшілері, екінші орында – 32356 "Арнамакс" әскери бөлімінің командасы, жүлдегерлер үштігіне Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің командасы кірді.

Біріншіліктің барлық қатысушылары спорттық атақтар мен разрядтар алу үшін қажетті біліктілік нормативтерін орындады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0