Дзюдо

Нұрбол Сүлейменов: Құрама Азия чемпионатына тас-түйін дайын

Нұрбол Сүлейменов: Құрама Азия чемпионатына тас-түйін дайын

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионаты алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын аяқтап, Нұр-Сұлтанға келді. Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтың айтуынша, Азия чемпионатына қатысатын құрам жарысқа тас түйін дайын. Бас бапкер оқу-жаттығу жиынын қорытындылап, Азия чемпионатына спортшылардың қалай іріктелгенін түсіндіре кетті. Сонымен қатар, құрама көшбасшысы Елдос Сметовтың Азия чемпионатына қатыспау себебін айтты.

«Азия чемпионаты алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын сәтті өткіздік. Спортшыларымызды тактикалық, физикалық және функционалдық тұрғыдан дайындықтарын пысықтаумен қатар, қатемен де жеке-жеке жұмыс істедік. Аталмыш жаттығу жиынына франциялық мамандар да қосылып, ақыл кеңесімен бөлісіп отырды.

Әрине, осындай ірі әрі маңызды жарыстың біздің елімізде өтетініне қуаныштымыз. Жасыратыны жоқ, жанкүйерлер алдында жауапкершілігі де жоғары.

0e961cc993bdf6bc4722d47c13910aa5.jpg

Азия чемпионатына құрама биылғы маусымда өткен әлемдік Гран При, Grand Slam жарыстарының нәтижесі бойынша жасақталды. Өздеріңіз білетіндей, Мағжан Шамшадин соңғы Гран при жарысында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Одан алдын Бауыржан Нарбаев Grand Slam жарысында күміс жүлдеге ие болған еді.

66 келі салмақ дәрежесіндегі балуандар арасында Ғұсман Қырғызбаевтың нәтижесі жақсырақ. Жүлделі орыннан көрінбесе де, жұбаныш белдесуіне бесінші орынға дейін жеткен. Соның нәтижесінде ол осы салмақта ел намысын қорғайтын болады.

73 келіде құрама үздігі, тәжірибелі дзюдошымыз Жансай Смағұлов жарақатынан толық айыққан жоқ. Сондықтан Азия чемпионатына қатыспайды. Оның орнына жас болса да дарынды Данияр Шамшаевқа Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл салмақта бізден екі спортшы татамиге шығады. Осы маусымда салмақ ауыстырған Ерлан Серікжанов 73 келіде бақ сынайды.

e003279952458fc566803472bb9411c1.jpg

81 келіде белдесетін балуандарымыздың аяқ алыстары айтарлықтай жақсы емес. Сондықтан, бұл салмақта белдесетін балуандарымызды Азия чемпионатынан кейін өтетін Ислам ойындарына дайындаймыз.

90 келіде Моңғолияда өткен Grand Slam жарысында үздік үштікке енген Дидар Хамзадан үміт артып отырмыз.

Құрамадағы ең тәжірибелі дзюдошы Ислам Бозбаев пен жас шәкіртіміз Нұрлыхан Шархан 100 келіде елорда татамиіне шығатын болады. Айта кетерлігі, Нұрлыхан Шархан соңғы Гран При жарысында өте тартысты күрес көрсетп, жетінші орынға табан тіреген болатын. Сондықтан, оған мүмкіндік беруді жөн санадық.

Ал аса ауыр салмақта Моңғолияда өткен Grand Slam додасында қола жүлдеге ие болған Әділ Оразбаев ел намысын қорғайды.

Жекелей сында 81 келіде ешкім қатыспайтын болғандықтан, үш салмақ, 60, 73 және 100 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде екі спортшыдан күреседі.

Жекелей сындар аяқталғанан кейін аралас командалық жарысқа 73 келіде Ерлан Серікжанов пен Данияр Шамшаев, 90 келіде Ерсұлтан Мұзаппаров, ал аса ауыр салмақта Әділ Оразбаев пен Ерасыл Қажыбаевты қосып отырмыз.

8754fb94d91205154883614230adc0f2.jpg

Командамыздың көшбасшысы Елдос Сметовке келер болсақ, өздеріңіз білесіздер, ол осы маусымның басында салмақ ауыстырды. Бірақ осы күнге дейін жаңа салмақта жолы болған жоқ. Өзімен, бапкерлер құрамы және құрамаға қосылған франциялық мамандармен ақылдаса келе, 60 келіге, өз салмағында қайта жарысқа дайындайын деп жатырмыз. Өз салмағында жарысқа шығуға әлі дайын емес. Бір салмақтан екінші салмаққа көшу және жаңа салмақта бірден нәтижеге қол жеткізу оңай емес. Сондықтан ол Азия чемпионатына қатыса алмайды. Алдағы уақытта 60 келіге ауысып, жылдың маңызды жарысына дайындалатын болады.

Жоғарыда тоқталып кеткендей, құрамада Азия чемпионатына қатысатын спортшылар арасында тәжірибелі де, жас та спортшылар бар. Барлығына бірдей мүмкіндік берілді. Елімізде өтетін құрлықтық бәсекеге барлық елдің мықтылары жиналған. Жас балуандарымыз Олимпиада чемпиондарымен бақ сынамақ. Осы орайда біздің мақсат – ел намысын абыроймен қорғау», - дейді бас бапкер Нұрбол Сүлейменов.

Түпнұсқасы: fdk.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0