Дзюдо

Мағжан Шәмшадин: Біраз уақыттан бері финалда әнұранымызды естімеп едік

Мағжан Шәмшадин: Біраз уақыттан бері финалда әнұранымызды естімеп едік
news-banner7
mobile-news-top

Хорватияда өткен дзюдодан Grand Slam сериясында қазақстандық Мағжан Шәмшадин 60 кило салмақта топ жарды. Финалда Мағжан кореялық Вон Джим Кимнен басым түсіп, алтын жүлдені қанжығалады. Prosports.kz тілшісі Мағжан Шәмшадинмен сұхбаттасып, жарыс туралы, құрамадағы бәсекелестік және алдағы жоспары жайлы сұрады.

- Мағжан, жеңіс құтты болсын! Жарыстан кейінгі әсеріңіз қандай? Жалпы, жарыс туралы айта кетсеңіз.

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 67 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты. Құдайға шүкір, қолымызды жүрегімізде ұстап, әнұранымызды ойнатып, көк туымызды желбіреткенде керемет сезімде болдым. Біраз уақыттан бері финалда әнұранымызды естімеп едік.

Бұл жарысқа дейін Венгриядағы турнирде алғашқы айналымда жеңілген едім. Сол жарыстан шығып, бірден Загребке аттандық. Кеткен қателіктерімнен сабақ алып, осы жарыста чемпиондым болдым.

Бірінші кездесуімде кубалық спортшыға қарсы шықтым. Физикалық тұрғыдан мықты екен. Дегенмен қарымта шабуылдан ұстап, жеңіп кеттім. Одан кейінгі кездесулерім оңайырақ болған сыңайлы. Финалда кореялық спортшыдан екі жыл бұрын Израильдегі жарыста кеткен есемді қайтардым. Аға буынның кеңесімен, бапкерлерімнің қойған жоспарымен күрестім.

Шыны керек, чемпион болғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ертесіне бүкіл денең құрысып ауырғанымен, чемпион болғандағы сезім бәрін ұмыттырады екен.

- Жарысқа дайындығыңыз қалай өтті? Қай жақта жаттықтыңыздар? Турнирге қандай жоспармен келдіңіздер?

- Дайындық жақсы өтті. Будапештке де жақсы дайындалдым. Бельгиялық қарсыласыммен осыған дейін бес рет кездескенмін. Төрт рет жеңдім. Бірақ осы жолы есемді жіберіп қойдым.

Жалпы, дайындығымды Алматы қаласында өткіздік. Оқу-жаттығу жиынын жасадық. Бабыма келдім. Бұл бастамасы деп сенемін. Алда Азия чемпионаты бар. Одан кейін әлем біріншілігі күтіп тұр. Masters жарыстары бар. Енді сол жарыстарға дайындаламыз.

- Финалға дейін әр белдесудің қиын болғаны айттыңыз. Дегенмен қай кездесуіңіз, қай қарсыласыңыз көбірек қарсылық танытты дей аласыз?

- Алғашқы белдесуім ең қиыны болды. Дайындығы жақсы екені көрініп тұрды. Физикалық тұрғыда мығым. Дегенмен техникалық жағынан мықтылығымды көрсетіп, жеңіп кеттім. Қалған белдесулерімді жаттықтырушымыздың қойған жоспарымен өткіздім. Өзіміздің тактикамен белдестім. Әр кездесуім өткен сайын оңай бола түсті. Жарысқа дайындығымның арқасында, Елдос ағамның айтқан ақылы бар, бапкеріміздің жоспары – бәрі өз көмегін тигізді.

- Бұған дейін басты додаларда 60 кило салмақта Елдос Сметов күресетін еді. Елдос бұрын кездескен қарсыластарын қалай жеңу керегі туралы кеңесін айтты ма?

- Финалда әнұранымыздың шырқалмағанына үш жыл өтіпті. Бәрі келіп, жеңіс қажет екенін айтты. Елдос ағам да жігерлендіріп отырды. Финалдағы қарсылам Вон Джин Киммен талай кездескен. «Оң қолын басып ал, сол қолын шығартпа» деп айқайлап, кеңесін беріп отырды кездесуде. Оны теледидардан көргендер естіген де шығар. Елдос ағам кеңес беруден жалыққан емес.

- 60 кило салмақта Бауыржан Нәрбаев та бар. Араларыңызда бәсекелестік бар ма?

- Бәсекелестіктің болғаны дұрыс қой. Дегенмен жарысқа кім мықты, кімнің бабы мен бағы келісіп тұр, сол барғаны дұрыс. Бауыржан бауырыммен арада тек спорттық бәсекелестік бар. Ешқандай қызғаныш болмапты. Ішімнен мысықтілеулес болып, жеңіліп қалса екен деген ой келмепті. Жеңіске жетсек бірге қуанып, жеңілсек бірге көңіліміз түседі. Арамызда бәсекелестіктің болғанын қолдаймын. Өйткені бәсекелестік бар жерде деңгей де өседі. Бір орында тұрып қалмайсың. Бауыржанға тек сәттілік пен жеңіс тілеймін. Әр спортшымыз чемпион болуға лайық!

- Осы уақытқа дейін Елдос пен Ғұсманның көлеңкесінде қалып қойдым деп ойлаймайсыз ба?

- Жо-жоқ. Спортта жетістік ерте де келуі мүмкін, ұзақ күттіруі де мүмкін. Біреулер 20 жасында, енді кейбіреулері 30-ға таяғанда чемпион болады. Дегенмен бәрі өз уақытында деп ойлаймын. Елдос та, Ғұсман да аға буын ғой. Олардың көлеңкесінде қалып қойдым деп ойламаймын. Керісінше жанында жүріп, білмегенімді үйреніп, тәжірибе жинадым. Ал, міне, соның нәтижесі. Уақыты келіп, чемпион болдық.

- Ендігі жоспарыңыз қандай?

- Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысамын. Жанкүйерлеріміздің алдында чемпион атанып, әнұранды шырқатсам деймін. Одан үш айдан кейін әлем чемпионаты басталады. Masters жарыстары бар. Барлық жарыста жоғары нәтиже көрсетуге тырысатынымыз анық.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер