Тұрсынғали Еділов: «Альварес Биволдан барлық жағынан мықты»
Мамырдың 7-сі күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында үлкен бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жекте Сауль «Канело» Альварес жартылай ауыр салмақта WBA Super чемпионы Дмитрий Биволмен қолғап түйістіреді.
Бокстан ҚР құрметті жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Prosports.kz сайтына алдағы жекпе-жек жайлы пікірін айтты.
- Альварес – Бивол жекпе-жегі жайлы ойыңыз қандай?
- Сәттілік Альварес жақта болады. Өйткені ол өзіне сенімді әрі тәжірибесі мол. Барлық жақтан алып қарсаңызда, Биволдан мықты болып тұр.
- Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек жайлы ойыңыз қандай?
- Үшінші жекпе-жектің өткені жақсы. Головкиннің кейінгі айқасы көп адамға ұнамады. Жасының келуі, шаршаңқылық, салмақ қуалау – бәрі әсер етеді. Головкин дәл қазіргі сәтте Альвареске лайық қарсылас. Альварес пен GGG арасындағы трилогия мексикалықтың ресейлік боксшыға қарсы жекпе-жегінің нәтижесіне қарамастан өтуін қалаймын. Ең бастысы, GGG командасы үшінші жекпе-жекке тыңғылықты дайындалуы керек.
- Головкин мен Мурата арасындағы айқас ұнады ма?
- Ұнады дей алмаймын. Жылдамдығын жоғалтып алғандай көрінеді. Соққысы бұрынғыдай жойқын емес. Бойынан шаршаңқылық білінді. Техникалық жағынан бәрі ойдағыдай. Тек уақыттың алары бар екені көрінді: «жауапкершілік сезімі» пайда болып, көп ұйықтай алмай, әр нәрсені ойлаған секілді. Көп спортшы ұзақ уақыттан соң қарымта жекпе-жек оңайға соғады деп ойлайды. Жасының келіп қалғаны психологиялық тұрғыдан әсер етеді.