Депутат «Қазақстан барысын» өткізуге 150 млн теңге бөлінетінін сынға алды
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Нұрдәулет Оразханов елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан барысы» сайысына бөлінетін қаржының көптігін айтып, қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Құжатта көрсетілген халықаралық турнирлерді өткізуге орта есеппен 59 млн теңге қаржы бөлінеді екен. «Қазақстан барысы» сайысын өткізуге әлдеқайда көп бөлінеді. 150 млн теңге деп көрсетіліпті. Әрине, ұлттық спортты дамытуға ешқандай қарсылығым жоқ. Дегенмен бюджет қаржысын үнемдеу керек сияқты. Егер халықаралық спорт шарасын 50 млн теңгеге өткізсек, оның қасында республикалық шара неге қымбат?», - деген сауал жолдады депутат Нұрдәулет Оразханов қалалық мәслихаттың отырысында.
Сауалға жауап берген Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Алмас Абаевтың сөзінше спорттық жарыстар өткізуге қаражат оның деңгейі мен ауқымына байланысты бөлінеді.
«Мысалы, «Әлем барысы» жарысын алсақ, аталған шара басқа елдер үшін аса танымал емес. Яғни бұл шараны насихаттауға, спортшыларды даярлау мен шақыру ауқымды қаржыны талап етеді», - деп жауап берді.
Депутат өз кезегінде спикердің сөзін бөліп, мәселе «Әлем барысы» емес, «Қазақстан барысына» қатысты екенін нақтылап кетті.
«Түсінікті. Бұл мәселені қайта қарастырамыз», - деп қысқа қайырды басқарма басшысының орынбасары.